Мемлекет басшысы: Ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз

16.04.2023

«Нарықтық экономика» деп жатырмыз ғой, дамыған елдер қатарына ілігу үшін Қазақстанның талпына бастағалы қашан? Ал ол үшін ғылымды жетілдіру керек екені - бәріне аян аксиома. Осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында саланың сан түрлі мәселесін көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық.

Жиында президент «ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз. Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді», - деп, өкінішті статистиканы келтірді.

Ғылымның хәліне қатысты бұған дейін «Апта»-да айтылған тағы бір деректі қайта келтірсек. Өткен жылы 1 мыңнан астам ғалым мен зерттеуші ғылым жолынан кеткен екен. Басты факторлар: ғылыми зерттеулердің азаюы, осы салаға берілетін гранттардың қысқаруы, өзге елдермен, басқа мамандықтарымен салыстырғанда жалақының төмендігі. Тағы маңызды статистика: ғылыми кадр саны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда 2 жарым есе азайған. Бұрын 52 мың ғалым болса, қазір – 22 мың ғана.Сондықтан Ұлттық ғылым академиясының жаңа президенті Күнсұлу Закарьяны жауапты іс күтіп тұр. «Іске сәт» дейміз. Пандемия кезінде қазақстандық вакцинаның шығуы үшін барын салған ғалым да проблеманың бір шетін ашты.

Күнсұлу Закарья, Ұлттық Ғылым Академиясының президенті:

Өкінішке қарай елдің биологиялық қауіпсіздігін нығайтуда геномдық технологиялардың дамуы мен үлесі төмен. Ол өз кезегінде ұлттық және биологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін.

Тоқетері: Ғылым академиясы мен Үкіметке қойылып тұрған басты міндеттер – ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін жаңа тәсілдерді әзірлеу, оларды заң жүзінде бекіту. Әрі «ғылымды дамыту» үшін деп бөлінген қаражатқа «майшелпек» ретінде қарамау. Ғылымға түк үлесі сіңбеген академиксымақтардан арылу. Бұл – президенттің сөздері. Тоқаев «Парасат» ғылыми холдингінде болған жағымсыз фактілерден сабақ алу керек, - деген сыңай танытты. Қазақстанда кез келген салада не жемқорлықтың, не салғырттықтың кесірінен талай жобаның тиімді жүзеге аспағаны белгілі ғой. Президент латын әліпбиіне көшу керек деп, аптығып-асығып, енді ақаулар шығып жатқанын да айтты. Бұл енді тәптіштеп зерттеуге тұрарлық тақырып. Кейінге қалдырдық.


Хабарламаларға жазылу