Украинаның Славянск қаласына зымыранмен жасалған шабуылдан 11 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинаның Славянск қаласына зымыранмен жасалған шабуылдан 11 адам қаза тапты

16.04.2023

Украинаның Славянск қаласына зымыранмен жасалған шабуылдан 11 адам қаза тапты. Жараланғандар бар. Ал БҰҰ-ның мәліметінше, соғыс басталғалы 8 жарым мың украиналық қаза тапқан. Жергілікті армия қарымта шабуылды жер кеппей, техниканың жүре алмауынан кейінгі қалдыруға мәжбүр. Америкалық басылымдардың хабарлауынша, Пентагонның құпия құжаттары жария болғаннан кейін Киев әскери жоспарларының кейбірін өзгерткен. Құпия барлау мәліметтерін кім таратқаны да белгілі болды. Ал осы аптада Ресейде «Әскери міндет және әскери қызмет туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Әскерге шақырту бұрын тек қағаз түрінде болса, енді электронды форматта да жүзеге асырылмақ. Шетел барлаушыларының мәліметінше, бұл өзгерістер мобилизацияның жаңа толқынына дайындықты білдірмейді. 

Бұл - Донецк облысына қарасты Славянск қаласына жасалған шабуылдан кейінгі көріністер. Сенбідегі зымыран соққысынан 11 адам қаза тауып, 22 тұрғын жараланды. 50-ден аса баспанаға зақым келген. 

Владимир Зеленский, Украина президенті:

Славянскіде қазір құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. С-300 ракеталары адам тұратын аудандарға, әскери емес ғимараттарға құлады. Үйінді астында адамдар бар. Жақындарынан айырылғандарға көңіл айтамын.

Былтыр ақпанның 24-нен бері Украинада 8 жарым мың адам қаза тауып, 14 мыңнан астамы жараланған. Бұл - БҰҰ-ның мәліметі. Жергілікті армияның қарымта шабуыл бастауына ауа-райының қолайсыздығы, әскери техниканың жетіспеуі кедергі. 

Сергей, Украина армиясының мергені:

Шабуылды бәлкім келесі айда бастаймыз. Жер балшық, алға жылжу қиын, техника жүрмейді. Ағаш жапықтары жасыл түске боялғанда, жасырынып, жауға жақындау оңайға соғады. 

Бахмуттағы жағдайға келсек, соңғы мәліметтерге сай, Украина әскеріне қаланың біраз аумағынан кейін шегінуге тура келген. Мұндай деректі британиялық барлаушылар келтіріп отыр. Соңғы екі күнде Ресей мұнда артиллериядан оқ жаудыруды күшейте түскен.

Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрінің ресми өкілі:

«Вагнер» тобының шабуылдаушы бөлімшелері қаланың солтүстік және оңтүстік шетіндегі екі ауданды басып алды. Қалған Украина полктері кейінге шегініп жатыр. Біздің әскеріміздің алға жылжуын бәсеңдету үшін олар қаладағы нысандар мен тұрғын үйлерді қиратуға кіріскен. 

Ресей президенті Владимир Путин Украинада басып алған аумақтарда Мәскеу уақытын енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарына қатысты. Ресей бұл өңірлерді аннексиялауды көздегенімен, толық бақылауына ала қойған жоқ. Сонымен бірге осы аптада елде әскерге шақыртуға қатысты өзгерістер жарияланды. Енді әскери комиссариатқа шақыру тек қағаз жүзінде емес электронды түрде де келеді. 

Батыс басылымдары бұған дейін Пентагонның құпия құжаттарының жария етілуіне Ресейді айыптаған еді. Алайда осы аптада бұған кім жауапты екені мәлім болды. Ол - АҚШ ұлттық гвардиясы әскери-әуе күштерінің 21-жастағы қызметкері және геймер Джек Тейшейра. Қазір күдікті сот алдында жауап беріп жатыр. 

Ол таратқан құжаттарда Украина армиясы, оның осал және басым тұстары, қарымта шабуылға қатысты және өзге де жасырын ақпарат айтылған. Сонымен бірге Украинада НАТО-ның арнайы қызмет мамандары жүргені де көрсетіледі. Құпия мәліметтердің тарауы Киев пен Вашингтон арасына сызат түсірмеген сыңайлы. Украина үкіметі Ресейге қарсы шайқаста Құрама Штаттармен және өзге де одақтастырмен ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді. 

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу