Көлікті сақтандыру туралы не білу керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көлікті сақтандыру туралы не білу керек?

17.04.2023

Бүгінгі ауа-райының қолайсыздығынан Елордада 144 жол көлік оқиғасы тіркелген. Зардап шеккендер бар. Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес соғылған көліктердің барлығы жазғы дөңгелекпен жүрген. Бұл тек ресми тіркелгені. Заңға сай кінәлі тарап екінші жақтың шығынын толық өтеп көлігін жөндеп беруі тиіс. Көпшілігі сақтандыру полисіне жүгінері анық. Қазақстанда 26 сақтандыру компаниясы тіркелген. Оның оны өмірді сақтандырса қалғаны жалпы сақтандырумен айналысады. Былтыр 12 миллион сақтандыру келісім шарты жасалған. Ең көбі көлік. 6,2 млн адам. Ал 2,1 млн тұрғын өмірін сақтандырса, 1,4 млн жағдайда жазатайым оқиғалардан сақтандырған. Алайда халық арасында сақтандыру тым қымбат, қажет кезде көмектеспейді дейтіндер де бар.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Иә, шынымен сақтандыру не үшін қажет? Неге оны мемлекет міндетті төлем ретінде тіркеп қойған? Мәселен, бір жүргізуші абайсызда өзгенің көлігіне зақым келтірді делік. Ал шығынды жабатын ақшасы жоқ. Осындай жағдайларда төлемді сақтандыру компаниясы өтейді.

Полистің бағасы әр өңірде әр түрлі. Жол көлік оқиғасының қаупі жоғары, ірі қалаларда қымбатырақ. Ал көлігі аз, шағын шаһарларда арзан.

Азиз Әбілқасым, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы:

Көлік құралдары иелерінің міндетті сақтандыру бойынша өткен жылға сақтандыру сыйлықақылары 93 млрд теңгенің құрады. Сақтандыру ұйымдары көлік құралдары иелерінің азаматтық құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша 49 млрд, ал ауырған жағдайдан сақтандыру бойынша 22 млрд және өмірді сақтандыру бойынша 12 млрд теңге көлемінде төлем жасады.

Яғни сақтандыру компанияларына түскен жалпы сомманың тең жартысы жүргізушілерге қайта төленген. Бір көлікке төленетін шекті сомма 600 айлық есептік көрсеткіш. Биыл бұл 2 млн теңге. Шығынды төмен бағалайтын жағдай да жиі кездеседі.

Арман Акаев, сақтандыру компаниясының өкілі:

Заң бойынша белгілі бір мөлшер бар. Ол мөлшерден зардап шеккен машинаның сомасы көп болса, кейбір тұтынушылар, әрине, оған мәз болмайды. Бірақ, ол жағынан, біздің қолымыз байлаулы. Біз заңда көрсетілген мөлшерден көп төлей алмаймыз.

Келтірілген шығын орасан болған жағдайда қалған соманы өтеу мәслесін сот қана шешеді. Ол жол көлік оқиғасына кінәлі жүргізушіден өндіріліп алынуы да мүмкін.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу