Атырау облысында волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді

18.04.2023

Атырау облысында волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді. Қазір аймақта ерікті түрде әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға атсалысатын 1 мыңнан астам адам бар.

«Жаныңдамын» волонтерлік ұйымы 1 жыл бұрын құрылған. Оның құрамындағы қыз-жігіттер бүгін тыл ардагері, 93 жастағы Үміт Сүпіғалиеваның үйіне келді. Бала кезінен қара жұмыстың қамытын киген кейуананың бір құлағы 80 пайызға естімейді. Волонтерлер оған демеушілер қолдауымен есту құрылғысын алып берді. Дәрігерді де ерте келген.

Үміт Сүпіғалиева, тыл ардагері:

Қиын заманда еңбек еткен кәрі кісінің қалдығы деп келіп, өздеріңше сыйлап жатсыңдар.Алла сыйласын сендерді. Сендерге Алла жақсы заман берсін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған. Бұл заманды сендерге ұшыратпасын.

«Жаныңдамын» ұйымында қазір 20 адам бар. Жаны жақсылыққа құмар жастардың миссиясы – қайырымдылық. Ауруханалар мен қарттар үйі, ерекше балғындар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үнемі көмектеседі. Ал алдағы 2 айды тыл ардагерлеріне арнағалы отыр.

Мейрамгүл Есниязова, волонтерлік ұйым жетекшісі:

Бұл кісілерге арнайы келіп, біздер көңілдерін бөліп, уақытымызды бөліп, бұл кісілермен жиі сөйлесуге тырысамыз. Себебі, бұл кісілерге керегі әңгімелесу, пікірлесу, өздерінің бұрынғы көрген қиыншылықтарының барлығын осы бүгінгі ұрпаққа айтып естелік қалдырғысы келеді.

Ал бұл әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін ашылған «Жүректен жүрекке» деп аталатын қайырымдылық дүкені. Мұнда балалардың да, ересектердің де киім-кешегі бар. Тұрмыстық заттарды да табуға болады. Бәрі тегін. Тұрғындар өзіне қажет болмай қалған, бірақ пайдаға асатын заттарын осында әкеліп тапсырады. Ірі сауда орталықтарында да арнайы жәшіктер қойылған.

Бибінұр Сабырғалиева, «Жүректен жүрекке» қайырымдылық дүкенінің маманы:

Аптаның әр бейсенбісі бізде сұрыптау күні. Яғни, бізге көмекке өзіміздің волонтерлеріміз келеді. Өзіміздің қызметкерлеріміз бар. Ол киімдер сұрыпталады. Киілу жағдайына қарай. Және олар жуылады. Және оны біз қоймаға қоямыз. Мына жердегі киімдер алынғаннан кейін, осындағы киімдер орнын басады.

Қазір өңірде 57 волонтерлік ұйым бар. Оларды бір арнаға тоғыстыру күн тәртібінде тұрған маңызды шаруа. Жауаптылар алдағы уақытта жоғары білім мекемелеріне барып, студенттерге волонтерлік істің қыр-сырын насихаттамақ. Кейін, ниеттілердің басын қосып арнайы штаб құрылмақ.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу