Қарағанды облысының Балқаш қаласында ерекше өнер иесі тұрады. 65 жастағы Юрий Воробьев үйінің кіреберісін пластикалық қақпақтармен безендіріп қойған. Шебердің бұл істі ермек етуінің себебі де қызық. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы көпшіліктің көзайымына айналған үйге соғып, зейнеткердің қол туындыларын тамашалады.
Екі қабатты тұрғын үйдің кіреберісі құдды ертегі әлеміндей. Мұндағы қабырғалар мен еденде түрлі ертегі кейіпкерлерін, аң мен құстардың бейнесін көруге болады. Мұның барлығы да түрлі-түсті қақпақтармен жасалған. Тұрғындар жылда дәлізді сылап әуре болмайды. Шаңын сүртіп, жуып алса болғаны.
Әлібек Тасболатов, Балқаш қаласының тұрғыны:
Юра ағай бар, өзіміз осы көршілер тату-тәтті өмір сүреміз, қақпақтардың өзін бірге жинаймыз. Оны лақтыру дегенді білмейміз, әкеліп береміз. Барлығын істеу біледі ғой ол кісі. Үйге қонаққа келсе подъезді көірп қызығып суретке түседі, әлеуметтік желіге салады.
Юрий Воробьевтың бұл үйде тұрғанына 20 жылдан асып кеткен. Кіреберісті безендіру үшін 60 мың қақпақ кеткен. Оған зейнеткер 4 жыл уақытын арнапты.
Шебер әр жұмысын асқан ықтияттылықпен істейді. Қақпақтарды нейлон жіпке тізбес бұрын алдымен сызба нұсқаларын дайындап алады. Оның пәтерінен қақпақтардан жасалған ерекше төсеніштерді көре аласыз. Бірқатарын тапсырыс берген адамдарға таратыпты.
Юрий Воробьев, Балқаш қаласының тұрғыны:
Зейнетке шыққаннан кезім пандемияға тсүпа-тұс келді. Карантинде ішім пысқан соң ол пластикалық бөтелкелердің қақпақтарын жинап, олардан суреттер, композициялар жасай бастадым. Бұрын жергілікті комбинатта дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Мен электр жүйесін, сантехниканы да өзім жөндей беремін. Жас кезімде ағаш оюмен айналысқанмын.
Балқаштық шебер жұбайымен екеуі серуенге шыққанда қақпақ жинауды әдетке айналдырған. Оған көршілері мен достары да көмектеседі. Зейнеткер өзінің ермегін қала тазалығын сақтауға титімдей болса да үлесім,-деп санайды. Бүгінде Юрий Воробьев тұратын үйді жұрт жақсы біледі. Тіпті, оның ееркше қол туындысын көруге арнайы келіп, суретке түсіретіндер де көп.
Руслан Нұрланұлы