Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақадыр кентіндегі мектеп жанынан салынып жатқан ғимарат күшті дауылға шыдас бермей құлап қалды. Бұл нысан Әлімхан Ермеков атындағы білім ошағының асханасы мен спорт залы болуы тиіс еді. Құрылыс 2021 жылы жасалған келісім шарт бойынша басталған. Алайда мердігер ғимараттың негізгі қабырғаларын қалау кезінде сметалық құжатта көрсетілген талаптан ауытқып, өрескел қателіктер жіберген соң , жұмыс кестеден кешіккен. Жобаға тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы компаниямен арадағы келісімді бұзған. Қазір жауапкершілігі жоқ мердігерге қатысты сот ісі жалғасуда. Ал жартылай салынған ғимарат қайта бұзылуда. Дауыл кезінде негізгі қабырғасы болмағандықтан, бос қалқиып тұрған сыртқы қаптама кірпіштері құлаған, дейді мамандар. Жалпы құрылыс басқарма бақылауында. Жаңа мердігер анықталған соң жұмыс жалғасады.
Руслан Нұрланұлы