Мемлекет басшысы Жаңаөзендегі жарылыстың салдарын жою жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Қазір апат болған жерде Алматы мен Ақтөбе қалаларының сот сараптамалық орталықтарынан келген мамандар жұмыс істеуде. Сондай-ақ жарылыстың салдарын жою, тазалау жұмыстары жалғасып жатыр. Оған азаматтық қорғаныс күштерінің мамандары мен өндірістік мекемелердің арнайы техникалары жұмылдырылған. Дәрігерлер жансақтау бөліміндегі екі науқастың жағдайы әлі де ауыр екенін айтты. Дегенмен біреуі есін жиғанын жеткізді. Ал зардап шеккен отбасыларды баспанамен қамту жұмыстары басталған. Айта кетейін, Жаңаөзен қаласында осыдан үш күн бұрын тұрғын үйде газ жарылды. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 13 тұрғын зардап шекті. Төтенше оқиғадан 9 отбасы баспанасыз қалды.
Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:
Апат болған жерде қазіргі таңда жауапты қызметкерлермен бірге тиісті тергеу және сараптама орталықтарының арнайы мамандарымен бірге жұмыстар өз қарқынында ұйымдастырылуда. Онымен қоса бүгінгі таңда зардап шеккен отбасыларды тұрғын үймен қамту бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатыр. Қазіргі таңда Қазмұнайгаз өкілдіктері мен тұрғын шаруашылығы мамандарымен жауапты тұлғалар бекітіліп, бүгінгі таңда құжаттарын рәсімдеуде.