Қалалардың кескін-келбетін түзеу қолға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалалардың кескін-келбетін түзеу қолға алынады

19.04.2023

Әкімдер өз қалаларында жаяу жүруі қажет. Сонда ғана өзі тұратын қаланың кескін-келбетіне мән берер. Президент өңірлердің кескін-келбетіне қатысты да сын айтты. Біздегі қалалардың кейпі нашар, сұрықсыз. Ойын алаңдары жабдықталмаған, үйлердің әбден тозығы жеткен. Мұндай мәселелер еліміздің имиджі мен беделін түсіреді деді Мемлекет басшысы. Қирауға шақ қалған апатты үйде 12 отбасы жан бағады. Әрқайсысында бала-шаға, қарт кісілер бар. Алматының төрінде тұрып, адам шошырлық жағдайда өмір сүреміз дейді ашынған жұрт. Мұндай түйткілдер өзге өңірлерде де жетерлік. Мәселен, Президент Семей қаласының бүгінгі жағдайын да тілге тиек етті. Шаһардың инфроқұрылымы әбден тозып кеткен. Әсіресе, жылу, жарықтандыру, абаттандыруға қатысты мардымды жұмыс жүргізілмей келеді. Дегенмен әкімдердің уәжі басқа. Жұмыс тоқтаған жоқ, істелер шаруа әлі алда дейді.

Бауыржан Ғайса, Көкшетау қаласының әкімі:

Жол туралы, су, жылу мәселесі, қазір дайындық жасап жатырмыз. Президент айтты ғой, ең бірінші халық үшін істеу керек.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

Мен ылғи да жаяу жүріп, соған үйренген едім. Қостанай қаласының бюджеті 1,6 есеге былтырмен салыстырғанда көп. Жол жөндеу, абаттандыруға бағытталып отыр.

Түйткілі көп тұрғын үйдің халқы Президент назарында тұрған мәселелер жақын арада шешіледі деп үмітті.

Жазира Оразқызы, тілші:

Апатты үйлермен қатар алып шаһар тұрғындарын алаңдататын ауқымды мәселе көп. Осы орайда Президент халықты қабылдаудың Бірыңғай орталығы іске қосылатынын айтты, яғни бұл қарапайым азаматтардың билікпен байланыс орнатып, қордаланған мәселені тікелей жеткізуге жол ашылады деген сөз.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу