Алматыда сейсмикалық оқу-жаттығу өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда сейсмикалық оқу-жаттығу өтті

20.04.2023

Осындай сейсможаттығу бізде де өтті. Алматыда ұйымдастырылған жалпықалалық оқу-жаттығудың мақсаты - тұрғындардың дайындық деңгейін арттыру. Әріптесім Жазира Оразқызы бізбен тікелей байланысқа шығып тұр. Жазира, мұндай сейсможаттығулар жиі өте ме?

Жазира Оразқызы, тілші:

Дархан, қайырлы күн! Мұндай оқу-жаттығу Алматыда жылына екі рет, тоқсан сайын өткізіледі. Жыл басынан бері түрлі мекемелерде 3 мыңға жуық жаттығу жүргізілген. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау нысандары, ірі сауда орталықтары секілді адам көп жиналатын жерлер бар. Қалада апат бола қалған жағдайда, баспанасыз қалған адамдар үшін 384 қабылдау бекеті дайындалған. Бүгінгі жаттығуда мамандар тұрғындарға эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді алдын ала анықтап, апаттық шабадан дайындаудың маңыздылығын түсіндірді. "Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам" деген жадынамалар таратылды. Сағат тура 11-де сиреналық қондырғылар іске қосылғанда, тұрғындарға сыртқа эвакуациялауға белгі берілді. Сондай-ақ, апат кезінде ең қауіпсіз орын электр желілерінен, ағаштардан және ғимараттардан алыс орналасқан ашық алаң екені тағы да ескертілді. Жалпы Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Жыл сайын 200-ге жуық әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Сейсмология институтының болжамынша, жыл соңына дейін шаһарда 7 немесе одан жоғары балдық жер сілкінісі болмайды. Сондықтан тұрғындардың жер сілкінісі бола ма, жаттығу сол үшін бе деп қауіптенуіне негіз жоқ.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу