АҚШ-та Қытай полициясының астыртын бөлімшесі әшкере болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та Қытай полициясының астыртын бөлімшесі әшкере болды

20.04.2023

Нью-Йорктің қақ төрінде Қытай полициясының астыртын бөлімшесі жұмыс істеген. Осылай деп мәлімдеген Федералды тергеу бюросы тегі қытайлық екі АҚШ азаматын тұтқындады. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатады.

Прокуратураның хабарлауынша, Бейжің агенттері АҚШ-қа саяси пана сұрап қашып келген белсенділерді аңдыған, қорқытып үркіткен, оның ішінде Қытайдағы туыстарын қыспаққа алу арқылы бопсалаған, сол арқылы кейбірін елге қайтуға мәжбүрлеген. Астыртын әрекеттері әшкере болған кезде, күдіктілер Қытай билігімен байланыстыратын дәлелдерді жойып үлгерген дейді тергеушілер. Алайда, олардың телефондарын тексеру кезінде қытайдың құпия полициясының лауазымды тұлғасынан тікелей тапсырма алып отырғаны белгілі болыпты.

Бреон Пис, Нью-Йорк штаты шығыс округінің прокуроры:

Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің офицерлері Нью-Йорк қаласында және АҚШ-тың басқа да жерлерінде қытай диаспорасы өкілдерін көздеп, трансұлттық қуғын-сүргінмен айналысқан. Осылайша, Қытай құпия полициясы ұлтымыздың егемендігін бірнеше рет және өрескел бұзды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Астыртын кеңсе былтыр жыл басында ашылып, 9 ай жұмыс істеген. Федералды бюросы біліп қойған кезде жауып тастаса керек. Деседе күдіктілердің бірі Қытайдың құқық қорғау оргондарымен 8 жылдан бері астыртын байланыста болғаны анықталған. Үйлерінде тұтқындалып, түрмеге тоғытылған екеу енді, 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Тергеушілер сондай ақ 44 қытай азаматына айып тақты.

Нұри Туркель, Ұйғыр-америкалық заңгер және консервативті талдау орталығының өкілі:

Бейжің тіпті нәсілшілдік деп назарды басқа жаққа аударуға тырысады. Өйткені бұл үйреншікті тәсілдері. Олар тіпті кейбір жеке тұлғаларға санкция салынуы мүмкін. Бірақ, бұған назар аудармау керек. Біз дұрыс әрекет етіп жатырмыз. Заң бұзғандар жазаға тартылуы тиіс.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Неде болса АҚШ жерінде өзге елдің полиция бөлімшесі бірінші рет әшкере болып тұр. Осылайша бұл жағдай онсыз да тыңшы шар кесірінен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысының Қытай сапары тоқтап, екі жақты қарым-қатынасы шатқаяқтап тұрған алпауыттың байланысына одан бетер сызат түсіруі мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу