Қостанай облысында шекара бойындағы ауылдар қаңырап қалып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында шекара бойындағы ауылдар қаңырап қалып жатыр

21.04.2023

Қостанай облысында мемлекеттік шекара бойында орналасқан көптеген елді-мекендер қаңырап қалып жатыр. Бұған бірінші себеп сапасыз жол. Ауыз су, табиғи газ, ұялы байланыс тәрізді өркениет жетістігінің жетпеуі. Тағы бір себеп жұмыссыздық. Жуырда Қазақстан Үкіметі ауылдарды дамыту туралы тұжырымдама қабылдады. Бұл құжат қалған ауылдарды сақтап қалуға сеп бола ма? Дәуренбек Әбдібектің репортажы.

Дәуренбек Әбдібек тілші:

Оң жағымызда ағып жатқан Үй өзені. Оның арғы бетінен Ресей жері басталады. Яғни біз қазір шекара сызығында тұрмыз. Сол жағымызда шекараның дәл түбінен бой көтерген Подогородка ауылы. Кезіндегі үлкен елді-мекен қазір жойылып кетудің алдында. Оншақты отбасы ғана қалған. Қарабалық ауданындағы Новотройцкі окруіге қарайтын бұл ауылда ешқандай әлеуметтік нысан жоқ. Қазақстандық байланыс жұмыс істемейді. Тұрғындар Ресейлік операторлардың қызметін пайдаланады. Көшуге шамасы жетпей жұртта қалғандар амалсыз қиранды арасында өмір сүріп жатыр.

Қанат Базанов, ауыл тұрғыны:

Кезінде мал шаруашылығы болды. Егін де өсті. Негізгі мектеп жұмыс істеді. Қазір оның бірі жоқ. Азғантай малымызбен күн көріп отырмыз.

Округ орталығы Новотройцкі - Қарабалық ауданындағы шекараға жақын орналасқан үш тірек ауылдың бірі. Былтыр мұнда 680 млн теңгеге орталық су желісі тартыла бастаған. Тамыз айында жұмыс толық аяқталады. Биыл табиғи газ тарту үшін 16 млн теңгеге жобалық сметалық құжат дайындалуда.

Гүлжамал Нұркешова, ауыл тұрғыны:

Су биыл кіреді үйге. Газды күтіп отырмыз. Газ тартса, тіпті, жақсы болады. Онда ешқайда көшпейміз. Қаланың керегі жоқ.

Ауылдағы орта мектепте жүзден аса бала оқиды. Жоғары жылдамдықты интернет, ұялы байланыспен қамтылған. 205 отбасы бар, тұрғындар саны алты жүзден асады. Екі ірі серіктестік, 25 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Жергілікті жұрт инфрақұрылым дұрысталса кәсіп табу әркімнің өз қолында деп есептейді.

Әмина Жақыпова, ауыл тұрғыны:

Жұмыс жоқ деген жалқаудың сылтауы. Жұмыс істеген адамға табылады. Мал ұстауға болады. Біз 155 теңгеден сүт тапсырамыз. Ол да ақша.

Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың бір жолы кәсіп бастаймын дегендерге төмен пайызбен несие беру. Биыл Қарабалық ауданына бұл мақсатқа 98 млн теңге бөлінген.

Ибрагим Бекмұхамедов, Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары:

Біз мемлекет ұсынған бағдарламалар арқылы жалпы ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге тырысамыз. Әзірге шекаралық елді-мекендерге айрықша басымдық берілмеген. Бұған қатысты Үкіметтің жаңа тұжырымдамасын жүзеге асырудың нақты тетіктері әлі белгіленген жоқ.

2019-шы жылы Қарабалық ауданында шекаралық аймақтағы 3 ауыл жойылған. Тағы бірнеше елді мекен қаңырап қалудың алдында тұр. Әйтсе де қазір тірек ауылдарды дамытуға басымдық беріліп отыр. Аудандағы 44 елді мекеннің 12-сі табиғи газбен, 13-і орталық су желісімен қамтылған. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу