Елде 450 мыңнан астам адам жұмыссыз жүр. Басым көпшілігі 29 бен 44 жас аралығында. Заңгер, есепші, қаржыгер және IT мамандығын меңгерген. Ал, құрылыс пен қызмет көрсету саласында жұмысшы тапшы. Маман жетіспеушілігін жою мақсатында бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді.
Жанна Есіркеп, Астана қаласының тұрғыны:
Мен музыка пәнінің мұғалімімін. Осы уақытқа дейін жұмыстар іздедім, қарастырдым. Өкінішке орай жұмыс орындары болмады мектептерде. Осы жұмыспен қамту орталығына келіп, қазір осы жұмысты қарастырып жатқаныма бір апта болды.
Жанна сынды қызмет қамын күйттеп, жұмыспен қамту орталығын жағалап жүрген жандар аз емес. Бірінің кәсіби біліктілігі, енді бірінің еңбек өтілі тиісті талаптан тысқары қалып отыр. Олардың қатарында еңбекке қауқарлы азаматтардаң бөлек 50 жасты еңсерген орта жастағылар да бар.
Бағила Орымбетова, «Сарыарқа» ауданы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бөлімінің басшысы:
11 мың 200-дей адам жұмыс іздеу сұрақтары бойынша, біздің орталыққа өтініш білдірді. Ал сол 11 мыңның ішінен 7 мыңдайы қазіргі таңда жыл басынан бері жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Тіркеуде тұрған азаматтардың ішінде екі мың үш жүздейі жұмыспен қамту белсенді іс-шараларына қатысуда. Жастар практикасына жолданып жатыр, күміс жаспен жұмысқа тұрғызылып жатыр.
Азаматтар көбіне заңгер, мұғалім, есепші және қаржыгер мамандықтары бойынша орталыққа жүгінетін көрінеді. Бос жұмыс орындарының басым бөлігі құрылыс және қызмет көрсету, қонақ үй бизнесі мен ақпараттық технологиялар саласында шоғырланған. Әлеуметтік бағыттағы мамандықтарға да сұраныс жоғары дейді мамандар.
Спабек Садықов, ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамту департаментінің бас сарапшысы:
2030 жылға дейін 2 миллион адам 5 ірі салаға қажет болады. Ол білім беру саласы, денсаулық сақтау, сауда-саттық, өнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібінде және ауыл, орман шаруашылығында керек болады.
Мемлекет басшысы үкіметке 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу жөнінде тапсырма жүктеген. Оның 2,2 миллионға жуығы жастарға тиесілі. Бұған сәйкес жыл сайын 950 мың адамды тұрақты қызметпен қамтамасыз ету үшін қазынадан 130 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Эльмира Отар, әлеуметтанушы:
Қаражат бөлінбес бұрын қай салаға бөлінуі керек? Біз білеміз, кедейшілік деңгейінен Түркістан мен Қызылорда облысы көшбасшы болып тұрғанын. Сол жерге көңіл бөліну керек. Мысалы, Маңғыстау облысын қарайтын болсақ, мұнайшылар жағынан бір саланың дамуы. Білім саласын, медицина саласын дамытып, біршама жұмыс орындарын ашса, жұмыссыздық мәселелері көптеп жабылар еді. Сондықтан, қатаң бақылауды орнату керек.
Жұмыссыздық мәселесін шешуде әр ел әр түрлі әдісті қолданып келеді. Мәселен, Словакияда төмен жалақы алатын азаматтарға салық жеңілдігі ұсынылса, Оңтүстік Корея елінде ақпараттық технология және экология саласына басымдық берілген. Қазақстанда өңірлік жұмыспен қамту карталары әзірленіп, мемлекеттік субсидия бөлінуде. Бұған сәйкес, қоғамдық қызметке тұрған азаматтардың жалақысы кемінде 20 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Ал жастар практикасымен тағылымдамадан өтетін жастарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жалақы қарастырылған.
Назым Қайрат