Түркия қазақтары Айтты ерекше атап өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия қазақтары Айтты ерекше атап өтеді

21.04.2023
0:00:00
0:00:00

Ораза айтты Түркияда тұратын қазақтар да ерекше атап өтеді. Айтта үш күн ресми демалыс болғандықтан туған-туыстар бір-біріне айтшылап, үлкендерден бата алып арқа-жарқа болып жатады. Әсіресе балалар тәттіге қарық болады. Сондықтан Түркияда Ораза айтты халық арасында «тәтті мейрам» деп те атайды. Жәлел Инан Түркия қазақтарының ақсақалы. 90 жасқа таяған атамыз Гималай асқан көшті көзімен көрген қазыналы қарт. Сондықтан Айт мейрамында Ыстамбұлдағы үлкен-кіші ақсақалдың батасын алуға асығады.

Жәлел Инан, Түркияда тұратын қазақ:

Ескі заманда замандаспен бірге жүретінбіз. Менің замандасым жоқ қазір жалғыз қалдым. Жастар қыдырады енді. Аллаға шүкір біз құсаған емес бұлардың үйі құрулы, тамағы пісулі. Қиыншылық жоқ. Айтар жоқ енді бәрі де аман болсын.

Бұл жақтағы айттың тағы бір ерекшелігі – жастар мен балалар үлкен кісілердің қолын сүйеді. Өз кезегінде қариялар оларға ақша немесе тәтті сыйлап, батасын береді. Бұл атамекеннен жырақта жүрген қазақтар үшін туыстық байланысты нығайтудың бір жолы ғана емес, жастардың қазақ тілін ұмытпауы үшін де өте маңызды дейді белгілі профессор Әбдіуақап Қара.

Әбдіуақап Қара, тарихшы, профессор:

Ораза Айт негізі алғанда діни мейрам болғанымен, шетел қазақтары үшін бұның ұлттық мәні өте зор. Біз айтқа байланысты туыстарды қыдырамыз. Туыстар бізге келеді. Туыстық қатынасымыз одан әрі күшейеді. Демек Ораза айт біздің ұлттық бірілігіміздің діңгегі. Бұл маңызды болғаны үшін біз балаларды осыған тәрбиелейміз.

Технология дамыған заманда бұрынғыдай үй-үйді айттау дәстүрі де қалып барады. Жастар көбіне бейне байланыс арқылы құттықтауды әдетке айналдырған. Дегенмен үлкендер айт күндері өлгенге иман, тіріге береке тілеп, сан ғасырлық дәстүрдің үзілмеуіне мән беріп отырады.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу