Мұнайшылар мәселесі: «Өзенмұнайгаз» компаниясының басшысы аса ірі көлемде қаржы жымқырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұнайшылар мәселесі: «Өзенмұнайгаз» компаниясының басшысы аса ірі көлемде қаржы жымқырған

23.04.2023

Осы бейсенбіде Жаңаөзендегі мұнайшылардың мұң-мұқтажын тыңдап, кәсіпорындардың жұмысын талдау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Комиссия құрамына «Қазмұнайгаз» компаниясының 40-қа жуық маманы кірді.

Бүгін жұмыс тобы «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты Мұнай-газ өндіру басқармасының құрамына кіретін бірнеше мекеменің еңбек ұжымымен кездесті. Мұнайшылар Астанадан барған комиссия мүшелеріне жұмыстағы кемшіліктер мен өзекті мәселелерін айтты. Мәселен, ұңғыманы жөндеумен айналысатын мұнай сервистік мекемесінің жұмысшылары технология ескіргенін атап өтті. Олардың айтуынша, ұңғымадағы апатты анықтау үшін шетелдік компанияларда бейнекамера қолданылады. Ал мұнда ол үшін әлі күнге дейін қорғасын мөр пайдаланылады екен.

 Әділет Шыртанов, «Өзенмұнайсервис» компаниясының 4-ші дәрежелі бұрғышы-көмекшісі:

Біз мөрді жібереміз, 5-6 күннен кейін аулаймыз-аулаймыз, аулау айлаймыз, қайтып мөрді жібереміз не зат екенін нақты анықтай алмаймыз. Бейтарап зат деп көрсетеді. Бір скважинаның басында 6 ай тұрып қалатын күндер болады. 6 ай тұрған сайын, сағатымыз қысқарған сайын біздің айлық жалақымыз қысқарады.

Алданбай Сисенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ мұнай өндіру департаментінің жетекші маманы, арнайы жұмыс тобының мүшесі:

«Кезби» мекемесінде өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсарту жөнінде көп ұсыныстар айтады. Ал «ӨМС» мекемесі техниканы модернизация жасау, жқмыстарын жеңілдету деген сияқты, УМГ-ны қайта қарау деген сияқты ұсыныстар айтады. +01,05 Жұмыс тобының мақсаты – осы мәселелердің бәрін тізіп алып, шешімі қандай болады, соны бағдарлама жасап, шара жасақтап, соны іске асыру.

Комиссия құрылғалы біздің тілшіміз Данияр Қайыртай да сонда жұмыс істеп жүр. Данияр, Астанадан барған арнайы жұмыс тобы төрт күнде неше мекемені аралап көрді?

Жұмыс тобы құрылғалы бері «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты нысанның жұмысымен танысып үлгерді. Жалпы комиссия бір ай бойы демалыссыз жұмыс істейді. Тіпті түнгі ауысымға түскен жұмысшылармен де кездесу жоспарланған. Комиссия мүшелері мұнайшылар көтерген өзекті мәселелерді жазып алады әрі шағын сауалнама жүргізіп, ақпарат жинайды. Сол арқылы Жаңаөзендегі жұмысшылардың еңбек жағдайын жан-жақты зерттеп, оларды шешу үшін арнайы жұмыс жоспарын құрмақ. Комиссияның тағы бір міндеті – осында орналасқан мұнай-газ мекемелерінің қаржы-экономикалық ахуалын, сатып алу, яғни тендер процедураларын тексеру.

Естеріңізде болса, тендер ойнату нәтижесінде «Өзенмұнайгаз» компаниясына қызмет көрсетуден қағылып қалған «Бералы Маңғыстау Компани» мердігер мекемесінің бұрынғы жұмысшылары өткен аптаның басында Астанаға барып, Энергетика министрлігі мен «Қазмұнайгаз» компаниясының ғимараты алдында наразылық білдірген еді. Олар тендер нәтижесін қайта қарауды және тікелей «Өзенмұнайгаз» компаниясының штатына қабылдауды талап еткен. Бір тәуліктен соң оларды арнайы жасақ ұстап әкетеді. Ертеңінде басым бөлігін Жаңаөзенге қайтарады да, 10 адамды келіссөз жүргізуге алып қалады. Бірақ келіссөздерден нәтиже шықпады – тараптар бір мәмілеге келе алмады. «Қазмұнайгаз» Жаңаөзенге арнайы комиссия жібергені де сондықтан. Айтпақшы, осы мәселеге қатысты жұма күні кешке Қаржы мониторингі агенттігі «Өзенмұнайгаз» бен «Бералы Маңғыстау Компани» мекемесінің лауазымды тұлғаларының үстінен тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Аталған екі компанияның басшылары «аса ірі көлемде қаржы жымқырды» деген күдікке ілінген. Тергеу кезінде «ӨзенМұнайГаздағы» сорғы-компрессорлық құбырларды орнату фактілерінің жалған екені анықталды. Сонымен қатар, екі компания басшылары өткен жылы мұнай ұңғымаларын жөндеуге кеткен қаражатты ұрлады деген күдік бар. «Бералы Маңғыстау Company» серіктестігінің басшысы өзінің жақын туыстарымен 248 млн теңгеге арнайы техниканы жалға алуға шарт жасасқан. Бірақ іс жүзінде ақшаны өздері жымқырған болуы мүмкін. «Бұл жайт компанияның қарапайым қызметкерлері арасында наразылық туғызды» деп жазылған баспасөз хабарламасында. 


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу