Түркияда алапат жер сілкінісі болған Газиантеп облысының Нұрдағы ауданында жаңа үйлердің алғашқы легі берілді. 14 үйдің кілтін тұрғындарға алғашқы болып Президент Режеп Тайып Ердоған табыстады. Баспана 4 бөлмелі және ыстық, суық су мен дәретханасы ішінде. 40 мыңнан аса тұрғыны бар Нұрдағы жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен аудандардың бірі. Ғимараттардың 90 пайыздан астамы қираған болатын. Зілзаладан 44 күн өткенде құрылысы аяқталған бұл үйлерден бөлек, қазір апат болған 11 облыста 650 мың үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 320 мыңға тарта баспана апаттан зардап шеккендерге табысталады.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Бүгін сіздерге тек тұрғын үй ғана емес қора-қопсысы, мешіті, саябағы бар, жаңа технологиямен жабдықталған «ақылды ауыл» салып беріп отырмыз. Бұдан бөлек мал шаруашылығымен, бау-бақша егумен айналысамын деген тұрғындарға пайызсыз несие береміз. Сондай-ақ, басқа өңірлерден осы жаққа көшіп келіп, ауыл шаруашылығымен айналысамын деген жастар болса үй алуға мемлекеттен қаржылай көмек бермекшіміз.
Айдос Әшімұлы