Семейде бұралқы ит баланы талап тастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде бұралқы ит баланы талап тастады

24.04.2023

Семейде 8 жасар қызды қаңғыбас ит талап тастаған. Көшеде анасымен кетіп бара жатқан балаға бір топ бұралқы кенеттен тап берген. Қыздың қолын қауып, бетін тістеп алған. Анасы кішкентай Сафинаны әрең дегенде ажыратып алған. Дәрігерлер баланың денесіндегі жарақатты бірнеше жерден тіккен. Регина Саркулованың айтуынша, қызының үстіндегі қысқы күртеше, иттің азуынан қорғап қалды. Әйтпесе жағдай тіптен ауыр болуы мүмкін еді дейді. Қазір. бала құтырмаға қарсы екпе алып жүр. Тұрғындардың айтуынша, соңғы кезде Семейде қаңғыбас иттер тым көбейіп, олардың адамға шабуылдау жиілеп кеткен. Әсіресе, жеке секторда тұратындарға далада жүру өте қауіпті екендігін айтады.

Регина Саркулова, Семей қаласының тұрғыны:

Тұтқиылдан келіп қолынан жұлмалады. Бетінен бас салды. Мен баламды денеммен жауып қорғаштадым. Ұлым мен шешем болған. Олар тас атып қуып, әрең ажыраттық. Полиция шарасыз екендіктерін айтты. Ит аулайтын мамандар да ештеңе істей алмаймыз деп отыр. Оларға қаңғыбас иттерді атуға тыйым салыпты.

Бүгін Үкіметте Мемлекет басшысының ұсыныстарын іске асыру бойынша өткен жиында Әлихан Смайылов Экология Министрлігіне тапсырма берді. Бұралқы иттермен күресте. өзге елдердің тәжірибесін енгізіп, заңды өзгерту қажеттігін айтты. Соңғы айларда тұрғындардан қаңғыбас иттерге қатысты шағым көбейген.

Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу