Қызылордада бәйгеден ел чемпионаты өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада бәйгеден ел чемпионаты өтті

24.04.2023

Қызылордада бәйгеден ел чемпионаты өтті. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастырған тұлпарлар сайысына 6 өңірден 200-ге жуық шабандоз қатысты. Жүйріктер сынға түскен аламанның жеңімпаздары мен жүлдегерлері финалдық кезеңге жолдама алды. Ат баптап, аламанға қосу қазақтың ежелден келе жатқан салты. Бұрын жұрт бәйгені үлкен ас пен мерейтойларда ғана тамашалап келсе, былтырдан бері ел чемпионаты қолға алынды. Жалпы сәйгүліктер сайысы 7 аймақтық іріктеу кезеңінен тұрады. Биыл соның алғашқы туры Сыр өңірінен бастау алып отыр.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Сыр өңірінде дүбірлі доданы өткізіп, ұлттық спорттың дамуына дәстүріміздің дәріптелуіне үлес қосқан ұйымдастырушыларға Сіздердің аттарыңыздан үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

Ат жалынын ұстағандар үш қашықтық бойынша сынға түсті. Құнан мен топ бәйгеде Алматы облысының арғымақтары алдына жан салмай, топжарды. Жалпы мәре сызығына жеткен алғашқы 5 шабандоз қаржылай жүлдеге ие болып, финалдық кезеңге жолдама жеңіп алды.

Исламбек Салжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

Ұлттық спорттың артында қазақтың рухы, мәдениеті, тарихы тұр. Сол себептен біз әрі қарай басқа деңгейге шығаруға атсалысамыз. Бесінші көшпенділер ойыны Астанада келер жылы қыркүйекте өтетін болды. Осының барлығы соған дайындық іспеттес.
Көпшілік асыға күткен аламан бәйгеде 50-ден аса шабандоз жарыс жолына шықты. Бірақ, 21 шақырымдық қашықтықты барлық сәйгүлік еңсере алмады. Кіл жүрйіктер шапқан дүбір өте тартысты өтті. Астаналық Нұрбол Тоқтаған тізгіндеген «Алғыр» атты арғымақ соңғы айналымда шашасына шаң жұқтырмай, жеңісті жұлып әкетті.
Бәйгеден ел чемпионатының алғашқы кезеңінде мамандар күтпеген нәтижелер тіркелді деп отыр. Келесі тур мамыр айында Шымкентте өтетін болады.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу