Түркістан облысының Жетісай ауданында бағбандар сорланған жерлерді бау-бақша өсіруге бейімделіп келеді. Себебі, ауыспалы егіс – жердің құнарлылығын сақтайды. Ал бау-бақша өсіру – мол табыстың көзі. Аудандағы шаруалар италияның алмалары мен жүзімдерінің бірнеше түрлерін отырғызып, шілденің ортасынан бастап қарашаға дейін жеміс жинайтын болады.
Сұлтан Жолдасбаев италиялық алма мен жүзімді мырзашөл өңіріне жерсіндіріп отырған бағбандардың бірі. Ол көшеттерді шетелден алғызбас бұрын егістік жердің топырағын жіберіп, климаттық жағдайын түсіндіргенін айтады. Тіпті сол жақтағы компаниямен келісім-шарт жасасып, ағаштарды күтіп-баптаудың да қыр-сырын үйреніп келіпті.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Италиядан әкелінген алманың көшеттері мырзашөл өңіріне тез жерсініп кетті. Бұлардың біздің алмалардан ерекшелігі сол, суды аса көп қажет етпейді. Өнімділігі де жоғары. Көшеттер жиі отырғызылады.
Мұндағы жалпы 20 гектар бау-бақша алқабының 7 гектарына алманың үш түрі отырғызылған. Қалған аумақта базарға өтімді жүзімнің түрлері өсіп тұр. Тамшылатып суару әдісін пайдаланған шаруа бұл көшеттердің бір жылдан кейін-ақ өнім бере бастағанын айтады.
Сұлтан Жолдасбаев, кәсіпкер:
Өзбекстанның жүзімдері тамыз айында піссе, біздікі шілде айында. Айырмашылық бір айға. Алмалар бір жылдары 15-20 тонна берсе, кей жылдары 35 тонна береді.
Осылайша шетелдік алма жүзімдер отандық нарықты жаулап отыр. Қазір мұнда ауылдың жиырмаға жуық азаматы тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жаз бен күзде терімге елуге тарта адам жұмылдырылады. Бау бақша өсірген бағбандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Марат Әбуов, Жетісай аудандық Ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:
Қарқынды бау өсірушілерге бұрындары гектарына есептеп субсидия берілетін болса, қазір кеткен шығындарының қырық пайызы төңірегінде мына тамшылатып суару тәсілін қолданғанға, өзінің егу тәсілін қолданғанғандарға мемлекет тарапынан субсидия бар.
Қазір Жетісай ауданында шаруаларға жерді әртараптандыру мақсатында егіс алқаптарындағы мақталық гектарды азайту жоспарда бар. Оның орынына өнімі мен табысы мол бау-бақша дақылын егуді көбейту керектігі насихатталуда. Айнұр Әбілқасымқызы, Еркін Оразбаев «Қазақстан» ұлттық арнасы Түркістан облысынан
Айнұр Әбілқасымқызы