Биыл Қостанай облысының диқандары 5 млн гектарға жуық жерге егін салады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Қостанай облысының диқандары 5 млн гектарға жуық жерге егін салады

25.04.2023

Биыл Қостанай облысының диқандары 5 млн гектарға жуық жерге егін салады. Қазір алқаптарда ылғал жабу жұмыстары жүріп жатыр. Алайда астықтың арзандауы, қосалқы бөлшектің қымбаттауы, жанармай тапшылығы шаруаларға ауыр соғып тұр. Бұл түйткіл қалай шешіліп жатыр?

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Мол өнім алу үшін алдымен тұқым сапалы болуы керек. Мынау жатқан Қарабалық тәжірибе станциясындағы бидайдың «Айна» деген тұқымы. Егер дұрыстап күтіп баптаса бір гектар жерден 50 центнерге дейін өнім жинауға болады. Бағасы да қымбат. Бір тоннасы 170 мың теңге.

Алайда жоғары сұрыпты тұқым сатып алуға шағын шаруашылықтардың бәрінің бірдей шамасы жетпейді. Тобыл Жарқымбаев «Алқапқа шығуға қаржы таппай артық техникамды саттым, жағалай қарызға баттым» дейді. Тек жанармайға 20 млн теңге керек. Қосалқы бөлшекті несиеге алып жүр.

Тобыл Жарқымбаев, шаруа:

Мына дүкенде қымбат болса да күзде төлейміз деп келісім шартқа отырдық. Қазір ала береміз. Күзде егіннен кейін төлейміз. Әрине, қымбат. Бірақ мәжбүрміз. Қолымызда ақша болса таңдап жүріп арзанын алар едік.

Әйтсе де диқандар қол қусырып қарап отырған жоқ. Бүгінге дейін 500 мың гектардан астам алқапта ылғал жабу жұмыстары жүргізілді.Облысқа литрі 223 теңгеден 73 мың тонна арзандатылған жанармай бөлінген. Осы уақытқа дейін шаруаларға соның 47 мың тоннасы жеткізіліпті.

Бақтияр Есмұханов, шаруа:

Қиындықтар бар. Бірақ біртіндеп шешіліп жатыр. Тұқым дайын. Төменгі бағамен қажетті жанармайды алдық.

Бағаны тұрақтандыру үшін Үкімет астықты сырттан автокөлікпен тасымалдауға тиым салды. «Арзан жанармай аймаққа кешіктірілмей кестеге сай жеткізіліп жатыр. Шаруаларды қолдауға да қыруар несие қаржы бөлінді» дейді ауылшаруашылығы басқармасындағылар.

Кенжеқозы Жұмақанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

Форвардтық бағдарлама бойынша а-ш өнімін өндірушілерге 7,2 млдр теңге ақша бөлінді. Қазіргі уақытта азық – түлік корпорациясы арқылы 6,1 млдр теңге берілді. Жұмыс жалғасып жатыр.

Басқа қаржы институттары арқылы көктемгі науқанға тағы 30 млдр теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілген. Ауа райы қолайлы болса аймақта дән себу жұмыстары мамыр айының алғашқы 10 күндігінде басталады.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу