2025 жылдың соңына дейін барлық ауылды ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2025 жылдың соңына дейін барлық ауылды ауыз сумен қамту мәселесі шешіледі

26.04.2023

2025 жылдың соңына дейін барлық ауылды ауызсумен қамту мәселесі шешіледі. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков айтты. «Бүгінде елімізде барлығы 6 295 ауыл бар. Оның ішінде 4 900 ауыл сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізе алады. Қалған 1 395 ауылдың ауыз су мәселесін шешу 2025 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр», - деді вице министр. Сондай-ақ, жиында ауылды дамытуға арналған бірқатар бастамалар мен мәселелер талқыланды. Мысалға, биыл қуаты 373 мың тонна болатын 65 тауарлы сүт фермасының құрылысы қаржыландырылмақ. Бірақ, өкінішке қарай, мал терісін пайдалану, өңдеу ісі тежеліп тұр. Егер бұл бағыттағы жұмыс тиісті ауқымда жүргізілгенде шаруалар сиыр терісінен ғана жылына 14 млрд теңге табыс таба алар еді. Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында берілетін бюджеттік кредит көлемі 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылмақ. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты. Бұдан бөлек, ауыл халқының табысын көтерудің тетіктері баяндалды.

Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:

Ауылдағы халықтың табысын көтерудің бірден бір инструменті ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы болып отыр. Оған қазірдің өзінде республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Ал, жалпы мемлекет басшысы 2029 жылға дейін осы бағдарлама аясында 1 трлн теңге бағыттау тапсырмасы бар. Осы концепцияның жүзінде 5 жылдың ішінде 700 млрд теңге бағдарламаға бағытталатын болады.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу