Жетісу облысының Кәлпе ауылында әлеуметтік нысандар салына бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысының Кәлпе ауылында әлеуметтік нысандар салына бастады

28.04.2023

Жетісу облысының Кәлпе ауылында әлеуметтік нысандар салына бастады. 1800-ге жуық тұрғыны бар елдімекенде 200 орындық мәдениет үйі бой көтеріп келеді. Ақпанда басталған құрылыс жұмыстары келер жылдың қаңтарында аяқталуы тиіс. Мәдени ошақтың жанынан жуырда заманауи спорт кешенінің де құрылыс жұмыстары басталмақ. Ал былтыр ашық аспан астындағы футбол алаңы пайдалануға берілді. Бір кездері жайлы өмір іздеп, қалаға көшіп кеткен ел-жұрт та ауылдың ажарлана бастағанын естіп, қайта оралып жатыр.

Жанәділ Бейсенбаев, ауыл тұрғыны:

Ауылға келіп үй салып, мал шаруашылығымен айналысып, жермен айналысып, осы туған жерімізге қайтадан көшіп келсек деген. Биылдың өзінде 26 адам арыз беріп, арыздарын тіркеп қойды. Тағы да келіп жатыр.

Мұнан бөлек ауылдағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. 30 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ошағының құрылыс жұмыстарына 1 млрд 400 млн теңге бөлінген. 100-ге жуық құрылысшы нысанды қыркүйек айында тапсыруға ниетті. Жұмыс аяқталғанша оқушылар көрші ауылдағы мектепте білім алып жатыр. Балаларды тасымалдау жұмыстары қарастырылған. Сондай-ақ биыл Кәлпе ауылында балалардың ойын алаңы салынады.

Ермек Досанаманов, Жолбарыс батыр ауылдық округінің әкімі:

Көшенің шарбақтарын ауыстырамыз. 4 мың метрге қазір конкурс жариялап қойдық. Бұйырса солар келеді. Және де осы көшенің бойында бір аллея, бір сквер түсейін деп жатыр. Соларды жоспарлап отырмыз.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу