Түркия астанасы Анкара қаласында Түркітілдес елдер Парламенттік ассамблеясының кезекті он екінші кеңесі өтті. Келелі жиынға ұйымға мүше мемлекеттердің Парламент спикерлері мен депутаттары қатысып, түркі дүниесіне ортақ мәселелерді талқылады. Қазақстандық делегацияны Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясы 2008 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Түркия мен Әзірбайжан елдерінің Парламент спикерлері Стамбұлда қол қойған келісім нәтижесінде құрылған еді. Содан бері талай күрмеулі мәселе шешіліп, Ассамблеяның әлеуеті артты. Бүгін Анкарада 12-ші рет өткізіліп отырған пленарлық жиынға арқау болған тақырып «Әділетті әлем үшін парламенттік дипломатия: энергетика, көші-қон, азық-түлік».
Пленарлық отырыста Мәжіліс Төрағасы өзара ынтымақтың арқасында түркі халықтарының бірлігі нығайып, әлемде беделі артып келе жатқанын атап өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Біздің Мемлекет басшыларымыз түркі әлемінің дамуы жолында шексіз үлес қосып келеді. Осыдан бір жарым ай бұрын Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммиті өтті. Онда көшбасшылар біздің бауырлас елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдады. Осыған орай біз де өз тарапымыздан парламентаралық іс-қимыл арқылы көшбасшыларымыздың қарқынына ілесе білуіміз керек.
Басқосуда сондай-ақ энергетика, көші-қон және азық-түлік тақырыбы жан-жақты талқыланды. Энергетикалық қауіпсіздікті арттыру үшін жаңартылатын қуат көздерін пайдаланудың маңызды екені айтылды.
Ситара Айаз, Халықаралық Парламенттер конгресінің бас хатшысы:
Түркітілдес елдер әрдайым өзекті мәселелерді қозғайды. Оның ішінде экономикадан бастап діни татулыққа дейінгі түрлі жағдайлар бар. Түркітілдес мемлекеттер тек өңірлік емес, әлемдік деңгейдегі салмақты проблемаларды талқылайды.
Отырыс соңында тараптар Анкара декларациясын қабылдады. Ал Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамлеясының келесі жиыны 2024 жылы Әзербайжанда өтеді.
Айдос Әшімұлы