Лондонда Абай-Бернс қауымдастығының тұсауы кесілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Лондонда Абай-Бернс қауымдастығының тұсауы кесілді

29.04.2023

Лондонда Хәкім Абай мен Шотландияның атақты ақыны Роберт Бернс атындағы қауымдастықтың тұсауы кесілді. Ұлы тұлғаларының өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

Марина Бекенова, тілші:

Лондонда әдеттегідей күн жауын-шашынды. Бірақ келушілерге «Қамажай» әнін орындаған музыкант көтеріңкі көңіл-күй сыйлап тұр.

Волынканы, әдетте, Шотландиямен байланыстырады. Бірақ оған ұқсас аспап қазақ халқында да бар - желбуаз деп аталады. Сондықтан да болар, халық әні «Қамажайды» орындау волынкашыға қиынға соқпады.

Роберт Бернс - XVIII ғасырда өмір сүрген шотланд ақыны, фольклоршы. Оның шығармаларын Қуандық Шаңғытбаев және Өтежан Нұрғалиев сынды бірнеше қазақ ақыны тәржімалаған.

Уильям Пэйти, Абай-Бернс қауымдастығының мүшесі:

Абай мен Бернстің поэзиясы өте ұқсас. Екеуі де өте сезімтал ақындар. Махаббат, сұлулық, табиғат туралы жазған өлеңдеріне тәнтімін.

Тұсаукесер поэзия кешіне ұласты. Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері сүйікті әншісінің репертуарындағы «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерін оқыды.

Себастьян Данн, Абай-Бернс қауымдастығының мүшесі:

Абайдың өлеңдері өте әуезді келеді. Оқыған кезде ән тыңдап отырғандай әсерде боласың.

Басты мақсат - екі ел арасындағы мәдени және рухани байланыстарды нығайту. Қауымдастыққа әзірге 50-ден астам дипломатия, білім және бизнес өкілдері мүше. Болашақта олардың санын арттыру жоспарланып отыр.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу