Түркістан облысының 2 мыңға тарта азаматы еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті. Кезекті рет ұйымдастырылған еңбек жәрмеңкесіне Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының өкілдері келді. Олар түстік жұртшылығына 4 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Бұл аймақтарда мемлекеттік мекемелерден бастап жеке кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандарына дейін сұраныс бар. Биыл еліміз бойынша «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 6 мың 727 квота бөлініп отыр.
Саида Әметова, қала тұрғыны:
4 бала-шағам бар. Айлығы жақсы болса көшетін едім. Ұсыныстары мен бағдарламаларын көріп, қайсысы көңілімнен шықса соған көшетін ойым бар.
Бұл азаматтардың тәуекелге баруына мемлекеттік қолдауы түрткі болды. Еліміздің солтүстік облыстарына қоныстанатын отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйдің жалға алу мен коммуналдық қызметтердің шығыны өтеледі. Ең бастысы тұрғын үй сатып алу жеңілдене түсті. Жалпы 2016 жылдан бері еліміздің теріскейіне оңтүстіктен 12 мыңнан астам азамат қоныс аударды. Бұл азаматтардың 93 пайызы бүгінде құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы мен медицина саласында еңбек етіп жатыр.
Ұлан Қоршатұлы, СҚО Ақжар ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
Бізде Солтүстік өңірлерде мұғалімдер жетіспейді. Мектептерде дәрігерлер, медбикелер, содан соң ауылшаруашылығы мамандары, механизатор, тракторист мамандар жетіспейді.
Ғани Қалмаханов