Қазақстан халқы бірлігі күнін елордалықтар сауапты іспен атап өтті. Олар қаламыздағы бақтардың біріне ағаш отырғызып, марафон жүгірді. Триатлон паркіндегі шараға қалалық әкімдік пен Қазақстан халқы Ассамблеясы мұрындық болған.
Бірінші мамыр күні Астанадағы Триатлон паркіне жиналған адамның қарасы қалың. Оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін патриоттық әндер әуелеп тұрды. Белсенділер Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлдауды дәстүрлі түрде ағаш отырғызудан бастады.
Есет Байке, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
ҚР президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саяси модернизациялау және этносаралық келісімінің аясында Ассамблеяның ерекеше рөлін айрықша атап өткен еді. Міне бүгін сол шара жалғасын табуда.
Сонымен қатар салауатты өмір салты насихатталып, жүгіруден эстафета өтті. Жарысқа 300-ден астам әуесқой спортшы жиналып, 500 метр, 2,5 км және 5 шақырым бойынша жүгірді. Салтанатты іс-шараның соңында қатысушылардың бәрі арнайы медальдармен марапатталды.
Ерзод Пулатов, Астана қаласы Өзбек этномәдени орталығынң төрағасы:
Осы жүгіру біздің бірлігіміздің, рухани бірлігіміздің тағы да бір көрсеткіші деп айтсақ болады. Осындай басымызды қосатын шараларды Ассамблея ұйымдастырып келе жатыр. Осындай бірлігіміздің арқасында алға қойға ұлы мақсаттарға міндетті түрде жететін боламыз.
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай өткен аптада Астана қаласында 70-ке жуық іс-шара ұйымдастырылды. Олардың көпшілігі елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін ашық алаңдарда болды. Мереке күні қаланың 4 алаңында шығармашылық ұжымдар мен қала әртістерінің қатысуымен концерттік бағдарламалар өтті.
Серік Селеубайұлы