Бұрынғының баласы шыбықты ат қып мініп ойнайтын еді, қазір балалар электросамокатпен жүйткіп жүр. Бірақ, енді сол самокаттардың қозғалысы заң бойынша шектелуі мүмкін. Парламент мәжілісінің депутаттары осы мәселені көтеріп, талқылап, заң жобасын әзірлеп жатыр екен. Себебі, самокаттардың саны көбейген сайын көлік жүргізушілердің де, жаяу жүргіншілердің де қозғалысы қиындаған.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Көктем келіп, жер қарая бастағанда қалада осындай самокаттар қаптап кетеді. Кішкентай балалардың өзіне қолжетімді. Тап осы транспорт құралы еш ережеге бағынбайды, шектеу жоқ. Салдарынан осындай самокаттардың қатысуымен оқыс оқиғалар, жол апаттары жиілеген. Жылына 500-ден аса факті тіркеледі екен. Тіпті, өкінішке қарай, қаза тапқандар да бар.
Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбайдың айтуынша, бір жылда онға жуық адам электросамокаттың қатысуымен болған жол апатынан қаза тапқан. Сондықтан тез арада шектеу керек дейді.
Мақсат Толықбай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:
Мопед болсын, самокат болсын велосипедке арналған жолақпен ғана жүруі керек. Ондай жолақ көп жерде жоқ қой. Сондықтан да осындай шектеу енгізейін деп жатыр. Ал үлкен трассада жүру үшін жасы 18-ге толу керек. Және кез келген санаттағы жүргізу куәлігі болу керек.
Ірі қалаларда самокаттардың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Түсі де, күші де әр түрлі. Оған деген тұрғындардың көзқарасы да әр қилы. Депутаттар самокатты басқаратын азаматтарға қатысты тағы бірнеше ереже ұсынып отыр. Енді олар жарық сәулелі арнайы жейде мен каска киюі керек, бағдаршамнан өтерде жаяу жүруі тиіс. Ал, ең бастысы – жылдамдық.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі:
Бірінші кезекте жылдамдығын шектеу керек. Оны шектейтін мүмкіндік бар екен. Арендаға беретін компаниялар жылдамдығын шектеп тастайын мүмкіндігі бар екен. Осыған дейін бұл мәселелер көтерілмеген. Құқықтық кеңістікке әкелгенде бұл мәселелердің бәрі шығып жатыр.
Барлық электросамокаттардың мүмкіндігі ұқсас. Сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жүреді. Кәдімгі көлік сияқты. Енді мынау сынақта тап сол жылдамдық көрсетілген. Соққының қаншалықты қатты боларын бағдамдау қиын емес. Ал, көшеде қаншама бала тап осы самокатпен зырылдап, зуылдап жүр.
Азамат Бейбітұлы