Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаражат түгел бюджетке түсуі керек. Оны қандай да бір қорға аударсақ, есебін таппай қаламыз дейді кейбір экономистер. Сыртқа кеткен ақша қандай жолмен аударылып келген, оны қайтарудың механизмі қандай? Оффшордағы ақшаны әшкерелеген «Панама» дәптерін дәл қазір қайта саралап көру керек пе? Әйгерім Ердәулет зерттеп көрді.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Қазақстаннан заңсыз сыртқа шығарылған қаражаттың басым бөлігі Швейцария, Ұлыбритания, Тайланд, Сингапур, Араб Әмірлігі, Ресей және АҚШ-қа аударылған. Әзірге күмәнді аударымның 670 миллиард теңгесі қайтарылды. Бұл оффшорға кеткен ақшаның небәрі 1 пайызы ғана.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Экономист Расул Рысмамбетов, дәл қазір 5-6 жыл бұрын өз елінен заңсыз ақша шығарды деп күдікке ілінген қазақстандықтардың тізімі көрсетілген «Панама» дәптері, «Кипр» құжаттарына қайта зер салатын уақыт дейді.
Расул Рысмамбетов, экономист:
Мәселен, Гонконгтан оффшорлық компания ашқан адам тауарды құжат түрінде Тайланд елі арқылы жеткізгенін көрсетеді. Өйткені, онда салықтық төлемдер мүлдем жоқ. Яғни, мұнайдың бір баррелін Қазақстаннан 20 долларға экспорттаса, оны Гонконгтағы компания басқа елге 50 доллардан сатады. Міне, мұндағы 30 доллар заңсыз шығарылған ақша.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Экономистер, аз да болса қайтқан ақшаның қайырымы болуы үшін қаражаттың тікелей бюджетке түсуін қадағалау керек дейді.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
Тек қана бюджетке түсуі керек. Себебі, бюджеттің ақшасының әрбір тиынына дейін есептейтін жүйесі бар. Ал оны басқа бір қорларға жіберетін болсақ, сол қордың бастықтарының өзі шынын айту керек, кейде жемқорлық жолына өтіп кетеді. Бюджеттегі ақшаны бақылауды қоғамдық бақылау органдарына беру керек.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Қазір заңсыз активтерді қайтару үшін Әділет министрлігі арнайы заң жобасын әзірлеп жатыр. Мамандар, оны халықаралық деңгейде талқыға салып, ақша аударылған елдермен арнайы келісім-шартқа отыру керек дейді. Біріккен ұлттар ұйымы жанынан қабылданған конвенция нормалары бойынша қаржының шын мәнінде заңсыз шығарылғаны дәлелденуі керек. Екі елде де қылмыстық іс қозғалып, соттың шешімі өз күшіне енген соң ғана ақша қайтарылады.
Жанділдә Әжіғалиұлы, заңгер:
Біркіккен Ұлттар ұйымы жанындағы конвециядағы нормалар түгел орындалмайынша, ол ақшаны тоқтатып қояды. Мен өз басым мынадай теорияны қолдаймын. Бұл қазақстанда болғандықтан тергеуші болсын, анықтаушы орган болсын соларға халықаралық срапшыларды әкеліп, солармен бірге қосылған жұмыс тобы болса, сол топ өте жақсы жұмыс істейді деп ойлаймын. Өйткені бізде ағайындық, тумалық деген бар, тәуекел көп.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Елімізде заңды тұлғалардың аударымы бойынша сома жағынан ешқандай шектеу жоқ. Бастысы, салықтан жалтармасаңыз болғаны. Сарапшылардың болжамы бойынша сыртқа заңсыз аударылған ақша 5 жылдың ішінде қазынаға қайтуы мүмкін.
Әйгерім Ердәулет