Қазақстан тағы 26 елмен визасыз режим енгізуі мүмкін. Қазір олармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл елімізге көптеп турист тартуға мүмкіндік береді. Одан бөлек ашық байланыстың орнауы халықаралық аренада беделімізді өсіріп, инвестициялық тартымдылықты арттырады дейді сарапшылар. Сондай-ақ қоғамда қызу талқыланып жатқан Қытаймен еркін қатынастан да ұтарымыз көп дейді. Айгерім Еркін 2015 жылы Қытайдан Қазақстанға оқуға келген. Жоғары оқу орнын аяқтады, магистрант атанды. Атажұртта отбасын құрып, ана атанды. 2019 жылдан бері Қазақстан азаматы. Ата-анасы әлі Қытайда. Олармен 5 жылдан бері қатынас үзілген, тек телефонмен байланысады. Қазақстанға келуге рұқсатты анасы жуырда ғана алыпты.
Айгерім Еркін, қала тұрғыны:
Олар біздің тойымызға қатыса алған жоқ. Біз оларды көре алғамыз жоқ. Кішкентай жиендерін енді ғана келіп көріп жатыр. 1,5 жасқа келді. Жолдасымның ата-анасы сол жақта. Немерелерін әлі көрген жоқ олар. Қазақстаннан да қытайға 15 күн, тіпті бір айға созылатын бір айға кіруге жол ашылса бізге тіптен жақсы болар еді. Студент кезімізден туыс туғанымызды, ел жұртымызды, туған ауылымызды барып көргеміз жоқ әлі.
Қытайға виза аштыру оңай емес. Көп құжат талап етіледі. 6-7 айлап кезегін күтіп жүргендер де бар. Мұндай кедергі көрші елден тауар таситын кәсіпкерлердің жұмысын да тежеп отыр. Ресми дерек бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда рекордтық көрсеткіштерге жетіп, өткен жылы 24 млрд доллардан асты. Есеп бойынша 2 млн саудагер аспан асты елімен байланыс орнатқан.
Айболат Дәлелхан, қытайтанушы:
Бұл екі жақтың сауда экономикалық қарым қатынастары үшін өте тиімді болады. Екінші жағынан бұл экономиканың тағы да бір ажырамас бөлігі ол туризм саласы ғой. Қазір Қытай әлемдегі ең көп турист шығаратын үш мемлекеттік қатарына кіреді. Біз бұрынғыдай ойламауымыз керек. Қытай бұрынғыдай кедей халық емес. Осы тұрғыдан алғанда қытайлық туристердің мүмкіндіктері өте зор.
Қытайлық бір турист саяхат кезінде орта есеппен 1000 доллар ақша жұмсайды. «Kazakh Tourism» ҰК дерегі бойынша тек осы елден келген туристер 2021 жылы 8,9 млн доллар, 2022-де екі есе көп қаражат қалдырып кеткен. Мұндай кірісті еуропалықтар да қош көреді. Албания, Беларусь, Босния-Герцеговина, Сербия мен Сан-Марино сияқты елдер қытайлықтар үшін 30-дан 90 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат беріп қойған. Соның арқасында тұралаған туризмді қайта түлетіп қана қоймай қыруар инвестиция тартып, құрылыс саласын дамытуға, жаңа кәсіпорындар ашуға мүмкіндік алған.
Оңғар Алпысбайұлы