Белгиялық коллекционердің топтамасында ford mustang-тың 6500 түрі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белгиялық коллекционердің топтамасында ford mustang-тың 6500 түрі бар

05.05.2023

Ұзақ күнгі жұмыстан шаршаған әр адамның қолы бос кезінде жан сергітіп айналысатын сүйікті ісі болады. Бельгиялық Адельберт Энглер көліктерді жинағанды жақсы көреді. 54 жастағы жігіт ағасының коллекциясында бүгінде «Форд мустанг» моделінің 6500 түрі бар.

Бұл Адельберттің алғашқы көлігі. 8 жасында ауладағы дүкеннен бар-жоғы 50 центке сатып алған. «Форд Мустангқа» деген махаббат сол кезден басталды», - дейді өзі. 46 жылдан бері жинаған коллекциясында көліктің осы бір түрінің 6500 данасы бар.

Адельберт Энглер, коллекционер:

Көңіл-күйім жоқ болса бірден келіп коллекциямды көремін. Оларды қалай сатып алғанымды еске түсіремін. Коллекцияңды сатшы деушілер көп, бүгін де бір адам келіп, қыруар ақша ұсынды. Мұны мен ешқашан сатпаймын.

Сүйікті автомобильдерін көпшілікке көрсету үшін Адельберт арнайы гараж ашып, мына 25 метрлік сөрені соққан. Ішіндегі көліктердің әрқайсысының өз тарихы бар. Мәселен, АҚШ-та жасалған мына ойыншық мустангқа коллекционер 8 жыл дегенде әрең қол жеткізіпті.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Негізі бұл жердегі заттарды ұстауға рұқсат жоқ. Бірақ біз гараждың иесінен мына ойыншық көлікті сіздерге көрсету үшін сұрап алдық. Бұл Форд мустангтың 1967 жылы шығарған үлгісі. Адельберт мұны осыдан 10 жыл бұрын ғаламтор арқылы тапсырыспен алдыртқан екен. 2 жылдан соң арманына қанат бітіріп, мынадай нағыз көлікті салоннан сатып алыпты.

Адельберттің қазір 25 көлігі бар. Басым бөлігін өзі құрастырып алған. Механик әбден тозығы жеткен Мустангты су жаңа етіп жөндеп шығаруға шебер.

Петер Сандерс, турист:

Неше түрлі әдемі көліктерді көрдім. Кішкентай ойыншық мәшинелерге бала түгілі өзің қызағасың. Мұнда алғашқы шыққан модельден соңғысына дейін бар.

«Адельберт поштамен жеткен әрбір ойыншыққа балаша қуанады, әрі өзгелерден қызғанады», - дейді жұбайы. Қызғанғаны сонша, өзі де алысқа кетпей, сол гараждың екінші қабатында тұрады. Коллекционердің ендігі арманы - гараждағы бар байлығын қалдыратын мұрагер сүю. Сосын ел астанасы Брюссельден мұражай ашып, топтаманы көпшіліктің назарына ұсыну.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу