Елде 1,5 млн адам несиесін төлей алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде 1,5 млн адам несиесін төлей алмай жүр

05.05.2023

Елімізде 1,5 миллионнан аса адамның несие қарызы 90 күннен асқан. Олардың қаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 800 млрд теңгеден асады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп дейді сарапшылар. Нұргүл Мұқашева соңғы жылдары бірнеше займнан қарызға ақша алған. Айтуынша, тұрақты жұмысы болмаған соң уақытында төлей алмай жүр. Есеп шоты бұғатталған. Соның кесірінен заңды түрде жұмысқа кіре алмай, құрылыста жалданыпты.

Нұргүл Мұқашева, қала тұрғыны:

Ақшамыз асып жатса алмаймыз да оны. Жағдай қиындағанда аласың. Бірақ, коллекторларды бақылауға алған дұрыс деп ойлаймын. Өйткені адамға жауап берудің өзінде жүрекке тиетін сөздерді айтады. Сотталып кететіндей өмірден түңіліп кетесің.

Мамандар қазір коллекторлық компанияларға талап күшейтілгенін айтады. Қызметкерлер қарыз алушыға күніне тек үш рет хабарласа алады. Тіпті, қарызын кешіріп, жағдайына қарай жеңілдік жасауға да мүмкіндіктері бар.

Назгүл Естеусізова, Қазақстан Ұлттық коллекторлар палатасының төрайымы:

Әлеуметтік осал топтарға көптеген жеңілдіктер жасатып, тек алған қарызын ғана, пайыздарын, берешектерін, айыппұлдарды алып тастап, тек қана қарызын өтеуге мүмкіншілік беріп жатты. Бөліп төлеуге. Кейбір жағдайларда списаниеге кетіп жатты.

Десе де, экономистер азаматтардың қаржылық сауатын арттыру басты мәселе екенін айтады. Себебі, қарызын қайтара алмай жүргендердің көбеюі қаржы жүйесіне де нұқсан келтіреді. Әсіресе, шағын займ берушілер оңды-солды ақша үлестіруді доғаруы керек деді.

Жангелді Шымшықов, экономист:

Барлығы көшеде жүрген адамды ұстап алып, «жүр, ешқандай кепілдік керегі жоқ. Ала бер» деп кәдімгі қақпанға түсіріп жатыр. Соңғы кезде бірнеше заңға қосымша актілер енгізілді. Төлей алмай жатқан адамдарды қорғау жөнінде. Қайта қаржыландыру.

Тұрақты табысы жоқ жандар үшін қарызынан құтылудың тағы бір жолы - өзін банкрот деп тану. Наурыз айының басынан бері еліміз бойынша осындай 50 мыңнан аса адам өтініш беріп үлгерген. Оның алты мыңына ғана оң шешім шыққан. Нұргүл Мұқашева да мемлекет мүмкіндігін пайдаланып, тұрмысын түзеуден үмітті.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу