Биыл халқы тығыз орналасқан облыстардан еңбек күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге 8 мың 600-ден астам адам көшірілуі тиіс. Маңызды стратегиялық мәселе екені талай рет айтылды. Әсіресе, шекара маңындағы ауылдардың қаңырап қалғаны қауіпті. Азаматтарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру үшін 2017-2021 жылдар аралығында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы қосылды. Осы 5 жылда 42 мыңға жуық адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған екен. Бірақ бір мақтанып айтатындай мардымды көрсеткіш емес. Сол көшкендердің ішінде оңтүстікке қайта қоныс аударғандар бар. Әдеттегідей идея жақсы болғанымен, орындалуына келгенде олқылықтар шығып жатады. Басты проблема – салынған үйлердің сапасы. Қоныс аударушылардың кейбірі әлі күнге материалдық көмек ала алмай жүр. Жұмыссыздық мәселесі тағы бар. Өйткені қоныс аударушылардың дені дипломы жоқ адамдар. «Еңбек» бағдарламасы аяқталып, енді «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы жүзеге асып жатыр. Осы аптада солтүстік пен шығыстан мамандар Шымкентке барып, жәрмеңке өткізді. Бұл аймақтарда қандай мамандар жетіспейтінін айтып, түскей халқын көшуге үндеді. Келіскендер де бар. Ал «Апта» бағдарламасы бұл көштің неліктен маңызды екенін тағы бір көтеріп, қандай түйткілдер бар екенін талдауды жөн көрді. Зібила Рахымжанқызы үш жыл бұрын Талдықорғаннан Солтүстік Қазақстан облысының Мамлютка қаласына қоныс аударған. Келе мына аядай ғана бөлмеде шеберхана ашып, нәпақасын тауып отыр.
Зібила Рахымжанқызы, Мамлютка қаласының тұрғыны:
Он жанұя болып көшіп келгенбіз. Қазір төрт семья ғана қалды. Қалғандары көшіп кетті. Өйткені бұл жерден олар дұрыс жұмыс таба алмады. Оның үстіне істейтін бизнесі де бұл жерде жүрмеді. Туыстарды көшіріп келейін десек, бұл жерге келгенде бәрі осы мен құсап отырып қалса, босқа обалына қалам ба, одан да өзімнің тірлігімді жасай берейін деп ұмтылмай отырмыз. Десе де, көшіп келем дегендер көп – қолдау болса.
Тігінші өзі де қолдауға зәру екенін айтады. Аудан әкімдігінің «шеберхана ашуға көмектесеміз» деген уәдесі сөз жүзінде қалған. Шағын бөлмеде төрт баласы және күйеуімен бірге қысылып-қымтырылып тұрып жатыр. Өңірге Зібила сынды тігіншілермен қатар дәгірер, мұғалім, мехнизатор, мал дәрігері сынды тағы басқа мамандар әлі қажет-ақ.
Әлфараби Мыңбай, «Отандастар» қорының СҚОФ жетекшісі:
Көшіп келушілерге қатысты кемшіліктер өте көп болды. Ең бірінші, мынау жергілікті билік тарапынан алатын болсақ – салынған үйлердің сапасыздығы. Ал екінші, көшіп келушілердің құжатының дұрыс болмауы, өздерінің банк шоттарының көбінесе арестте болуы. Және көбінесе дипломы жоқ адамдар көшіп келді. Өткен 5 жылдықта ойдағыдай жүзеге асты деп айта алмаймыз.
Осындай олқылықтар ескеріліп, биылдан бағдарламаға өзгерістер енгізілгенін айта кеткен жөн. Енді қоныс аударушыларға баспана салынбайды, өздері таңдап жүріп сатып алады. Осылайша сапасыз тұрғын үйлердің мәселесі шешілмек.
Жандарбек Акылбекұлы, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің басқарма басшысы:
Қоныс аударушыларға экономикалық ұтқырлық сертификатын беру көзделген. Бұл тұрғын үй құнының 50 пайызы немесе 4 млн теңгенің шамасынан аспайтын сомада үй сатып алуға, үй салуға немесе екінші деңгейлі банктерде алғашқы жарна ретінде пайдалануға жарна ретінде беріледі.
Солтүстік Қазақстан облысына биыл 2800 адам көшірілмек. Олардың алғашқы легі келіп те үлгерді. Моңғолиядан қоныс аударған Мәруа Капитан Есіл ауданының Қарағаш ауылына қоныстаныпты.
Мәруа Капитан, Қарағаш ауылының тұрғыны:
Балаларымыз қазақи тәрбие алсын, салт-дәстүрін ұстап қалсын деп, солай шешім шығарып, осы атамекенге қоныс аудардық. Қарағаш негізгі мектебінде мамандығым бойынша жұмыс жасап жатырмын.
Мемлекеттік бағдарламаның арқасында қайта түлеп жатқан елді мекендер де жоқ емес. Мәселен, Мамлют ауданындағы Бостандық ауылдық мектебінде 20 оқушы ғана қалған еді. Бала саны аз болғандықтан білім ошағын жабу жөнінде мәселе қаралды. Сол сәтте ауылға «Еңбек» бағдарламасы арқылы оңтүстіктен бірнеше отбасы қоныс аударды. Бүгінде оқушылар саны көбейіп, 60-қа жеткен. Жалпы Солтүстік Қазақстанда тұрғындар қатары кеміп әрі қартайып бара жатқаны алаңдатады. Тек жыл басынан бері халық саны 540 адамға азайған. Әр бесінші тұрғын – зейнеткер. Өңірде 123 ауылдың «болашағы жоқ» деп танылды. Абай облысындағы шалғай елді мекендердің де жағдайы мүшкіл. Мәселен Жарма ауданында ғана шағын 15 ауыл бар. Дені жабылудың алдында тұр.
Райым Нұрғалиев, Жарма ауданы әкімінің орынбасары:
Келетін адамдар осы шалғай шағын ауылдарға орналастыру мәселесі, олардың әлеуметтік жағдайларын да шешу – негізгі біздің міндетіміз болып тұр.
Бұл өңірлерде халықтың тұрақтамауына әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі де себеп. Елді мекендердің басым бөлігінде сапалы ауызсу, жол, интернет пен тұрақты жұмыс жоқ.
Ләззат Қасымова, Қоңыртөбе ауылының тұрғыны:
Қарапайым жағдай жасалмай жатыр қазір енді бізде. Медбикеміз болған ол кісі пенсияға шықты. Енді қазір жастар келеді де, бір ай істейді, кетіп қалады. Өзіміздің қандастарымыз 3-4 жанұя тұрады. Ол кісілердің туысқандары, таныстары келеді. Үйлерді бәрі көреді, қыста қиындау бізде жол қатынасы. Содан кейін интернет жоқ деп соны себеп қылады.
Президент тапсырмасымен Үкімет ауылдық аймақтарды дамыту тұжырымдамасын жасағаны белгілі. Шамамен үш мыңға тарта елді мекенді дамытуға қаржы бөлінбек. Соның ішінде шекара шебінде тұрған солтүстік пен шығыс өңірлердің ауылдарына ерекше назар аударылса деген тұрғындардың тілегі бар.
Эльмира Кәленова