Ғасырдан астам ғұмыр кешкен соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдин 102 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғасырдан астам ғұмыр кешкен соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдин 102 жаста

08.05.2023

Екінші Дүниежүзілік соғысқа бұрынғы Семей облысынан 100 мыңға жуық адам аттанса соның жартысы майдан даласынан оралмаған. Өкініштісі бүгінде уақыт өткен сайын сұрапыл соғысты бастан өткерген ардагерлеріміздің де қатары сиреп барады. Қазір өңірде көзі тірі 12 майдангер ғана қалған. Солардың бірі Әбдіғали Қаймолдиннің жасы 102-де. Ол небары 17 жасында майданға аттанып, екінші Дүниежүзілік соғысты түгел өткерген. Ауыр шайқастарға қатысып, төрт рет жараланған. Харковьты азат етуде, Сталинград түбіндегі қиян кескі ұрыстарда ерлік көрсеткен. 

Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы Семей облысының Абыралы ауданында дүниеге келген. Жастайынан ұстаз болуды армандапты. Алайда 10 шы сыныпты аяқтай сала 17 жастағы жігіттің құжатына сол кездегі басшылар үш жас қосып өзгертіп, майданға аттандырып жіберген. Бірден Семейде жасақталған 105 –ші атқыштар дивизиясы қатарында Сталинград түбіндегі қиян-кескі ұрысқа қатысады. Украина қалаларын азат етуде ерлігімен көзге түседі.

Әбдіғали Қаймолдин, соғыс ардагері:

Халық көп қиыншылық көрді. Оның ішінде Украина халқы айналайын-ай. Вороновск қаласында біз барғанда әр жерде бір пештің мұржалары тұрды. Қала жоқ секілді. Бомбылап түсірген ғой барлығын. Енді құдай сондай соғысты ұрпақтарымыз көрмесін.

Майдангер Харьковты азат етуге, 1-ші Украин, 3-ші Беларусь, Балтық майдандарында соғысқа қатысты. Атқыштар дивизиясы құрамында жаяу әскердің алдындағы ең қауіпті жерлерге жіберілді. «Кенигсбергті алғаны үшін», «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы ордені», «Жауынгерлік еңбегі үшін» сынды 40-қа жуық орден, медальдармен марапатталған.

Ясмин Саякина, ардагердің шөбересі:

Атамның жасы 102-де десем сыныптастарым бәрі таң қалады. Ол кісі үйде үнемі соғыста көргендерін айтып отырады. Жасаған ерліктері жайлы мен құрбыларыма әңгімелеп беремін. Ол өте мейріміді. Атамды қатты жақсы көремін.

Әбдіғали Қаймолдин қатардағы жауынгерден запастағы подполковник шеніне дейін көтерілген. Соғыс аяқталғаннан кейін де әскери қызметті жалғастырды. 1947 жылы Семей ядролық сынақ полигонына шақырылып, стратегиялық құпия объектіні қорғауды қамтамасыз етеді. 102 ге келген қария әлі де тың.

Әбдіғали Қаймолдин, соғыс ардагері:

Ұрпақтарға тілейтінім адалдық. Көпшіл болу керек. Халқыңды сүй. Халқыңды сүйсең, халық сені сүйеді!

Әбдіғали ақсақал отты жылдардағы басынан өткерген ауыртпашылықтары көкейде сайрап тұрғанымен, көп еске алғысы келмейді. Бала-шаға, немере-шөберенің қызығын көрген бақытты жан үнемі Тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеумен отырады.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу