Бельгиядағы 46 бауырластар зиратына 300-ден астам кеңес жауынгері жерленген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиядағы 46 бауырластар зиратына 300-ден астам кеңес жауынгері жерленген

08.05.2023

Бельгияда да сұрапыл соғыста қаза тапқан қазақ сарбаздарының қадау-қадау қабірі қалған. Осыдан бірер жыл бұрын қазақстандық дипломаттар солардың алтауының кім екенін тапқан болатын. Есімдері анықталмағандар әлі де көп мұнда. Жалпы, Бельгиядағы 46 бауырластар зиратына 300-ден астам кеңес жауынгері жерленген.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер Бельгиядағы лагерьлерге 20 мыңнан астам кеңес тұтқынын әкеліп, қара жұмысқа жеккен. Тұтқында, Бельгияны азат ету кезінде ажал құшқан 300-ден астам сарбаз елдің бірнеше аймағындағы бауырластар зиратына жерленген.

Жан-Жак Буше, Бельгияның қарсыласу комитетінің Бас хатшысы:

Барлық кеңес жауынгерлерімен бірге қазақстандық сарбаздардың да Жеңіске қосқан үлесі орасан екенін білеміз. Бельгияны, Еуропаны азат етуге қатысқан жауынгерлердің арқасында бүгін мамыражай өмір сүріп отырмыз. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек.

Көптің арасынан қазақстандық сарбаздарды іздестіру жұмыстарының нәтижесінде еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері Генктегі бауырластар зиратына жерленген мына екі қазақты тапты. Қызылордалық Нұрадин Бисеновтің қабіріне бірер жыл бұрын туыстары туған жердің бір уыс топырағын салды. Ал, семейлік Уәлиев Тоғайбай Уәлиұлының жақындарынан әзірге еш хабар жоқ.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Лимбург провинцясындағы «Ланклар» бауырластар зиратына да біздің екі Отандасымыз жерленіпті. Олардың есімдері мына ескерткіш тақтаға жазылған. Наливайко Николай Васильевич. 1922 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1907 жылғы Скринников Дмитрий Васильевич те Алматы облысы, Андреевка ауылының тумасы. Қос сарбаз 1942 жылдың қысында тұтқынға түсіп, бір жылдан соң «Шталаг» концлагерінде ажал құшқан.

Курсель, Флерус қалаларындағы қорымдарда Ляховский Василий Тарасович, Янков Дмитрий Павлович есімді тағы да екі жерлесіміз жатыр. Бірі - Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгер ауданы, Егорьевка ауылының тумасы. Екіншісі - Шығыс Қазақстаннан. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі осы азаматтардың туыстарына іздеу жариялайды. Қыршыннан қиылған боздақтардың есімін, жатқан жерін анықтау жұмыстарын дипломаттар әрі қарай да жалғастыра бермек.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу