Алматы облысындағы ғасыр жасаған санаулы ардагерлерге де құрмет көрсетілді. Майдандастар бір дастархан басында бас қосып, «бейбітшіліктің бағасын біліңдер, сұм соғыстың бетін көрмеңдер»,- деп бата берді. Соның бірі 17 жасында өз еркімен соғысқа аттанған Шәйке Ыдырысов. Ол бірнеше рет ауыр жарақат алғанына қарамастан Брест қамалын қорғауға ат салысып, Берлинге дейін барған.
Шәйке Ыдырысов, соғыс ардагері:
33 полкта болып, бір айда жараландым. Қайтадан барғанымда менен артиллерист жасады. Дәу пушкі беріп, Беларусьтің қалған жерін алып, одан кейін Литваны алдық.
Ал жасы 100-ге таяп қалған Федор Ковалев - Ұзынағаш ауылындағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері. Беларусь елінде дүниеге келген ол, 17 жасында алты айлық оқу-жаттығудан өтіп, соғысқа жіберілген. Беларусь, Пруссия, Калининград шайқасында ерлік көрсеткен. Кейін Жапон соғысына да қатысты.
Федор Ковалев, соғыс ардагері:
Батыстағы соғыс біткеннен кейін бізді марш тобына жинады. Бірақ қайда, не үшін бара жатқанымыз белгісіз еді. Сөйтсек шығыста да соғыс болып жатыр екен. Бізді Моңғолияға апарды, соғысқа барғанымызды сол жерде бір-ақ білдік. Әскер қатарынан 1951 жылы бір-ақ оралдым. Кейін тракторшы болып еңбек еттім. Көп ұзамай Қазақстанға көшкім келді.
Әйгерім Ердәулет