Самокатпен жүргендерге талап күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Самокатпен жүргендерге талап күшейтіледі

10.05.2023

Қала көшелерінде зуылдап жүрген самокаттарға енді талап күшеймек. Бүгін Мәжіліс арнайы заң жобасын қарап, мақұлдады. Оған сәйкес электронды самоктарға автожол жиегімен жүруге рұқсат етіледі. Алайда оны басқаратын адамға арнайы талап қойылады. Сонымен қатар бірнеше адамның мінгесіп жүруіне және жүк тасымалдауға тиым салынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша былтыр самокаттардың қатысуымен 43 жол көлік оқиғасы тіркелген. 1 адам қаза тауыпты. Биыл әзірге екі дерек. Бұл ресми тіркелгені ғана. Астанадағы травмотологиялық аурухананың дерегі мүлде басқа.

Қасым Асқанов, травматолог- ортопед:

Біздің травмпунктке шамамен 1-2 адам келеді. Қалада және де 3 травмпункт бар ғой. Оларды қоссаң статистика басқаша болады. Самакаттан құлап немесе самокат соғып кеткен адамдар келеді. Олардың жарақаттары көбінесе бетке, жырықтар болады.

Осының бәрі ескеріліп, самокатшылардың жүріс ережесі бекітілді. Жаяу жүргіншілер жолағымен сағатына 6 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Жол қиылысынан, бағдаршамнан өткенде түсіп, жаяу өтуге міндетті.

Игорь Лепеха ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

Кез келген жағдайда самокат жаяу жүргіншімен соқтығысып қалса басымдық жаяу жүргіншіде болады. Яғни жаяу жүргінші зардап шегуші болып есептеледі. Самокат тізгініндегі адам алдын ала жылдамдығын түсіріп, жаяу жүргіншіні айналып өтуге міндеттеледі.

Веложолақтармен сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жүйткуге рұқсат. Сондай-ақ автомобиль жолдарының оң жақ жиегімен, автобус жолақтарымен жүруге болады. Алайда оларға арнайы талап бар. 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, басына қорғаныш шлемін және жарық шағылыстыратын киім киген адамдар ғана самокатпен автожолдарға шыға алады.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Жолдарда желдей жүйткіп жүрген және бүгін мәжіліс депутаттарының назарына іліккен самокаттар мынау. Қазір біреуін жалға алып жылдамдығын тексеріп көрейік.

Сағатына 25 шақырымға дейін үдеттім. Жалға берілетіндерінің максималды мүмкіндігі осы екен. Алайда екі дүңгелекті құрылғы үшін өте қатты сезіледі. Сосын минималды жылдамдықты да тексеріп көрдік.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Сағатына 6 шақырым жылдамдық дегеніміз осы. Жаяу жүргіншілердің жылдамдығымен бірдей. Алайда тәртіп сақшылары бұл жылдамдықтан асырдық па, асырмадық па нақты қалай анықтайтыны әзірге белгісіз. Сондықтан бұл заңға алдағы уақытта тағы өзгертулер енгізілуі мүмкін.

Заң жобасына бастамашы болған депутаттар да бұны жоққа шығармады.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл заң жобасының мақсаты электросамакат жүргізушілерінің міндеті мен құқығын заңдық тұрғыдай айқындау. Қазір олар туралы заңда ештеңе жоқ. Егер кей тұстары кемшін кетіп жатса міндетті түрде қайта түзетулер енгіземіз. Менің ойымша шамамен жарты жылдың көлемінде қайта қарау керек болады.

Заң бүгін бекітілгенімен күшіне екі айдан соң енеді. Бұл жалға беретін компаниялар мен пайдаланушылардың дайындығына беріліп отырған уақыт.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу