Петропавлда өрттен зардап шеккендер баспана таба алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда өрттен зардап шеккендер баспана таба алмай жүр

10.05.2023

Петропавлда өрт салдарынан зардап шекккен тұрғындар уақытша паналайтын үй таба алма жүр. Өйткені пәтер жалдау ақысы күрт көтеріліп кетті. Естеріңізге сала кетсек, 7 мамыр күні қамыс жанып, от жеке сектордағы үйлерге тараған еді. Салдарынан 9 баспана, бірнеше көлік пен жекеменшік гараж толықтай өртеніп кетті. Тағы 2 үй жартылай жанды. Бүгін эвакуациялық пункт жабылып, қалалық әкімдік 7 отбасын уақытша пәтерлерге орналастырды. Ал қалған 4-еуі барар жер таба алмай жүр. Тілсіз жау жолындағының бәрін жалмады. Тұрғындардың кейбірі құжаттарын да алып үлгермеген. Ең бастысы өлім-жітім тіркелмеген. Көптің көңілін сол ғана жұбатады.

Эльмира Кәленова, тілші:

Үйлердің бәрі күлге айналған. Қызыл жалынға төтеп берген пеш қана ортада қалқайып тұр. Ал мына жерде ас ішетін бөлме болғанын шашылып жатқан ыдыстарға қарап қана аңғарасың.

Тұрғындар үйлерінің орнына күнде келеді. Өрттен қалған темір-терсекті жинап, металл қабылдайтын орындарға өткізеді. Қолдарына түскен тиын-тебенге киім-кешек, тамақ алып жүргендерін айтады.

Бахытжан Сарманова, өрттен жапа шегуші:

Екі түн көлікте түнедік. Мына металлдарды ешкім алып кетпесін деп қарайлап жүрміз. Қолымызда көк тиын жоқ. Пәтердің жалдау ақысын әкімдік төлейді. Күндіз-түні іздеп жатсақ та, баспана табылар емес. Төтенше жағдайға байланысты жалдау құны өсіп кетті. 2 бөлме үшін 180 мың теңге сұрап отыр.

Қазір осы оқиға қатысты қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себебі анықталуда. Қызыл жалыннан келген залалды арнайы комиссия есептейді. Жанып кеткен үй жануарлары да бар. Нажеджа Новикованың үйі жартылай өртенген. Басқа барар жері болмағандықтан бір бөлмесін паналап отыр.

Надежда Новикова, өрттен жапа шегуші:

Төбе кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін. Амалсыздан осында тұрып жатырмыз.

Петропавлда техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланбақ. Қалалық әкімдік өкілдері жанып кеткен әр үйдің үйесіне 100 АЕК көлемінде материалдық төлем жасалатынын айтты.

Эльмира Сәдуақасова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:

Сарапшылар бізге келтірілген материалдық шығын көлемін есептеп береді. Біз сол бойынша өтемақысын жасаймыз. Сол өтемақыға сәйкес, өздеріне баспана алатын болады.

Петропавл батпақты жерде орналасқандықтан, қамыс көп өседі. Бірақ шабылмайды. Былтыр да осы сынды өрт болып, жүздеген саяжай учаскесіндегі үйлер жанып кеткен еді.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу