Шымкентте салмағы 6 келі болатын алып сәби дүниеге келді. Бүгін таңертең туған бөбек анасының үшінші перзенті. Ұл баланың бойы 65 сантиметр. Босану кезінде қиындық болатынына қарамастан дәрігерлер жүкті әйелге ота жасамастан табиғи жолмен босандырып алды. Қазір 31 жастағы келіншектің жағдайы жақсы. Сәбиге ата-анасы Алпамыс деген есім беруді ұйғарып отыр. Дәрігерлер ана мен баланы келер аптада ауруханадан үйлеріне жібермек. Мамандар одан кейін де сәбиге ерекше күтім жасап, салмағын бақылауда ұстау қажет дейді.
Қарлығаш Әлжанова, қалалық №2 аурухана босану бөлімшесінің меңгерушісі:
Босану кезінде ешқандай асқынулар болған жоқ. Барлығы жақсы. Қазіргі таңда ананың да, нәрестенің де жағдайы жақсы. Бірқалыпты. Нәрестеміз анасының қасында.