Вашингтондағы дипломаттар «Ашық есік» күнін өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтондағы дипломаттар «Ашық есік» күнін өткізді

11.05.2023

Америкада қазақ салт-дәстүрі ұлықталған күн! Вашингтондағы дипломаттар «Ашық есік» күнін өткізді. Еліміздің мәдениетімен танысу үшін елшілікке асыққан жұртта есеп жоқ.

Таңғы 10:00. Америкалықтар дәстүрлі шараны сағынып қалса керек. Демалыс күні болғанына қарамастан қазақ елшілігінің алды ұзын-сонар кезек. Ғимаратқа кіру үшін жұрт кемі жарты сағат күтуге бар. Дипломаттар да таңмен таласа келген қонақтарды домбырамен қарсы алып, ән жырын аямады. Елшіліктің ішінде де ығы-жығы. Меймандар кірген бойда қазақтың ұлттық киімдерін киіп, жарыса суретке түсіп жатыр. Франк Ангелс 600 шақырым жол жүріп келіпті.

 Франк Ангелс, АҚШ азаматы:

Бүгінгі шара өте керемет. Келгеніме қуанып тұрмын. Елшілікті аралап, біраз ақпарат алдым. Тағамы да әуені де ұнады.

Жебе толы қорамсақты асынып, қазақы садақтың адырнасын тартып көріп жатқан жігіт 16 жасар Дәурен Рубин. Америкалықтар 6 айында асырап алған қазақ баласы. Қанына тарқан шығар бәлкім, Америкада садақ атудан чемпион атаныпты.

Хелтон Рубен, АҚШ азаматы:

Біз бұл жерге бірінші рет келіп тұрмыз. Фейсбуктан ақпартты көріп қалып, асыға жеттік. Осы жігітті қазақ елшілігін көрсін, шыққан тамырын білсін деп арнайы әкелдік.

Қонақтар ұнатқан шараның бірі қазақы киім үлгілерінің көрсетілімі. Бесіктегі баладан бастап, жасөспірімдер мен бойжеткен қыздарға арналған ұлттық киімдер қандай екенін өз көздерімен көрді. Үздіксіз қол шапалақтап, қошемет көрсетті.

Қазақтың ұлттық киімдерін ұнатып, сатып алып жатқандар да аз емес. Ал Беташар салты келушілер үшін қазақтың дәстүрімен танысудың төте жолы болғандай. Десе де бұл қойылым емес. Шынайы беташар. Дәулет пен Ақбота 8 жыл бұрын үйленсе де бір себептермен беташар тойы жасалмай қалса керек. Сол олқылықтың орны енді толып, армандары елшілікте орындалды. Ал америкалықтардың бірі қайын ата мен қайын ененің міндетін атқарса, енді бірі аға жеңгесінің рөлін сомдап шықты.

Харли Мелон, АҚШ азаматы:

Мені осындай керемет шараға қатыстырғаны үшін көп рахмет. Қазақ дәстүрін тереңірек түсінуге мүмкіндік туды. Беташар жырындағы әрбір айтылған өсиеттің маңызын ұқтым. Әрі өзімнің қайын ата ретіндегі рөлімді жақсы көріп қалдым.

Елшілікке ағылған жұрттың қарасы күн ауғанша үзілмеді. Әсіресе ұлттық тағамдардан дәм тату үшін кезек күткен жұрт көп болды. Жалпы бұл күні 60 елшілік келушілер үшін есігін айқара ашты. Алайда Димаштың жанкүйерлері Жан мен Денис те өзгелер секілді басқа жерге бұрылмай тікелей Қазақстан елшілігіне келдік дейді. Бас бауы да мойнындағы алқасы да әншінің нағыз фанаттары екенін көрсетіп тұрғандай.

Жан Курге, Димаштың жанкүйері:

Небәрі 6 сағатқа созылған шара кезінде 2,5 мың адам елшілікке келіп үлгерген. Қазақтың салт дәстүрімен танысып, бай мәдениетіне бойлаған қонақтардың бір бөлігі алдағы уақытта Қазақстанға саяхаттауға шешім қабылдағанын мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу