Отандық машина жасаушыларды қолдау артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық машина жасаушыларды қолдау артады

11.05.2023

Отандық машина жасаушыларды қолдау артады. Әсіресе, шағын және орта бизнес өкілдеріне жағдай жасалмақ. Сол үшін арнайы құжат дайындалып жатыр. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгін Астанадағы сала мамандарының форумында айтты. Былтыр Машина жасаушылар жалпы құны үш триллион теңгеден асатын өнім өндірген. Биыл төрт айда бұл көрсеткіш 36 пайызға өскен. Бірақ шетелдік алпауыттармен бәсекелесу үшін заманауи технология керек.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар Одағының басқарма төрағасы:

Жаңалықтарды кіргізу үшін жаңа технологияларды кіргізу керек. Ол үшін жаңа станоктар кіргізу керек. Жаңа роботтарды кіргізу керек өндіріске. Оған, әрине, қаржы керек.

Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыруға 500 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 200 млрд теңгеден астам сомаға жобалар мақұлданды. Бірақ сала мамандары бұл қаржы жеткіліксіз дейді.

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Біздің санауымыз бойынша қаражат көбірек керек болады. Дегенмен қазіргі дайын жобаларға қарайтын болсақ, қазіргі таңда ақша қаралған. Кең талқылауға көтерген кезде мәселені жаңа жобалар келе бастады. Енді біздің басты мақсат – сол жобалардың барлығын толыққанды жинап, бюджетке апарардың алдында дәлелдеп көрсету.

Қазір «Бизнестің жол картасы» бағдарламасында шағын машина жасау компаниялары үшін «Өндіріс» бағдарламасын бөліп алып қарау мәселесі қосымша пысықталып жатыр. Сонымен қатар, өңірлерде шағын бизнеске дайын өндіріс орындары ұсынылып, жұмысты бастау үшін шағын өнеркәсіп аймақтарының құрылысы қаржыландырылады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

Қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланған. Сонымен қатар қазір елде өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім жұмыс істеп тұр. Оған сәйкес ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдер өндірушілері кедендік баждан және Қосымша құн салығынан босатылады. Үкімет бұл шараны тұрмыстық техника өндірушілеріне 5 жыл мерзімге кеңейту мәселесін пысықтап жатыр.

Сондай-ақ Машина жасауды дамытудың кешенді жоспары дайын. Оның аясында, ғылыми технологияларды енгізген компанияларға біршама жеңілдіктер беру жоспарланған. Бұл кәсіпорындарды инновацияны әзірлеп, оны енгізуге қаражат салуға ынталандырмақ.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу