Елімізде көкөніс қоймалары жетіспейді. Бұл қымбатшылыққа әкеп соқтыруда. Ағын судың тапшылығы мен тыңайтқыштың қымбаттығы да қол байлау болып тұр деген Түркістандық шаруалар өзекті проблемаларын Мәжіліс депутаттарына жеткізді.
Елдегі жылыжайдың 70 пайыздан астамы орналасқан Сарыағаш ауданында биыл көкөністің бағасы арзандамай тұр. Себебі шығын көп дейді шаруалар. Көніс өсіруге мемлекет тарапынан субсидия бөлінбейді. Минералды тыңайтқыштар мен селитра қымбат. Оның үстіне биыл қыста көмір таппай, өнімді үсік шалды. Қатты отынның мәселесі әлі де өзекті дейді шаруалар.
Данияр Қалтаев, шаруа:
Қазір біз көмірдің болмау себебінен екінші айналымға егеміз ба, екпейміз ба сұрақ туындап тұр. Ал Шұбаркөл көмір олар бізге бермейміз дейді. Коммерциялық бағамен алыңыздар дейді. Ол баға өте қымбат. Өз кезегінде қымбатшылыққа алып келеді.
Төрехан Нұрлыбеков, Облыстық диқандар мен мақташылар одағының төрағасы:
Көп мөлшердегі диқандарымыздың былтырғы мақтасының ақшасын ала алмай отыр. Сол себепті көпшілік диқандарымыз мақтасын, диқаншылықтарын егіп те ала алмай жатыр.
Шаруалардың шығыны көп
Күнгейлік диқандар үшін қазір ағын су қат. Себебі мемлекеттен бөлінген миллиардтаған қаражаттарға каналдар жөнделмей егістікке су жетпей жатыр.
Бақытжан Серманиязов, Шардара ауданының тұрғыны:
Мынау бізде Жаушықұм ауылында 12 мың гектар жерді игеруге канал салу жобасы қаралды. 10 млрд 700 млн теңге бөлінген былтыр. Соны мердігер ұтып алған. Бір жылдан бері істеп жатқан жұмысы нөл де нөл.
Диқандар өзекті мәселені депутаттарға жеткізді. Сырттан келетін өнімнің бағасын реттеп жатқан ешкім жоқ. Агробанктен несие алу да қиямет деген шаруалар Астанадан келген тиісті министрлік өкілдеріне төте сұрақ қойды. Алайда мардымды жауап ала алмады. Проблемаларды шешуге депутаттар атсалысатын болды.
Жигули Дайрабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгінгі мынау комитет отырысы жай емес. Сондықтан айтылған әңгіменің барлығы атылған оқ. Мұның артынан қалмаймыз. Мынау мемлекеттегі ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтардың мүддесін қорғаймыз.
Шаруаны алаңдатқан мәселерді шешуге уәде берген халық қалаулылары ұсыныстарын Үкіметке жолдайтынын жеткізді.
Айнұр Әбілқасымқызы