Малайзиялық және қазақстандық ғалымдар енді бірігіп жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Малайзиялық және қазақстандық ғалымдар енді бірігіп жұмыс істейді

12.05.2023

Азия университеттері альянсына мүше 15 жоғары оқу орны арасында академиялық ынтымақтастықты, ғылыми инновациялар мен мәдени қарым-қатынасты дамыту ширап келеді. Ғалымдар бұл бағыттағы іс-шараларды жалғастыруға мүдделі болып отыр. Елордада өтіп жатқан Азия университеттері альянсының форумында белгілі болды. Жиынға қатысқан Үкімет басшысы білім мен ғылымды дамытуда озық тәжірибесі бар университеттер басқа білім ошақтарына үлгі болып отырғандығын айтты. Шара аясында Малайзияның Малайя университеті қазақстандық жоғары оқу орнымен академиялық және әкімшілік қызметкерлермен алмаса отырып, бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізуге уағдаласты. Ал Қытайдың Цинхуа университеті студенттермен алмасып, академиялық ұтқырлықты ұштауға келісті. Әлихан Смайылов қазір елімізде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын қайта құру үшін тың бастамалар жүзеге асырылып жатқандығын да айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

«Академиялық шеберлік орталықтары» оқу және зерттеу зертханаларын құру арқылы аймақтық университеттерде зерттеу экожүйесін құруға бағытталған. Аталған орталықтар академиялық және ғылыми дамуға үлкен қолдау болады. Осылайша, отандық академиялық стандарттарды халықаралық деңгейге көтереді. Қазақстандық университеттердің халықаралық рейтингтерде айтарлықтай жетістікке қол жеткізгені қуантады.

Мохд Хамди, Абд Шукор Малайя университетінің президенті:

Малайзиялық және қазақстандық ғалымдар енді бірігіп жұмыс істейді. Ғылымда күш біріктіру – өте маңызды. Сонда ғана біз индустрияландыру бағытындағы жобаларға өз үлесімізді қоса аламыз. Мұндай алаңдарда бас қосудың нәтижесі де мол. Қай салада қандай жобаларымыз бар? Ғылыми жұмыстарымызда ұқсастық бар ма? Бәрі осы форумда талқыланып, ой-пікір алмасып жатырмыз.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу