Астанада ақылы автотұрақтар көбейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада ақылы автотұрақтар көбейеді

12.05.2023

Астанада тағы біраз автотұрақтар ақылыға айналуы мүмкін. Бұл қалалық әкімдіктің жоспары. Алдағы жылдары 10 мың орын ақылы болады. Осылайша қаладағы кептелістермен күрес жүріп жатыр. Түскен қаржының басым бөлігі жеке кәсіпкердің еншісіне кетеді. Үкімет басшысы жобаны тағы бір тексеруді тапсырған. Ақылы тұрақ пилоттық жоба ретінде 2018 жылы енгізілді. Қала басшылығының мәліметі бойынша оң нәтиже көрсеткен. Енді көлік көп қойылатын орындардың басым бөлігін ақылы ету жоспарланып отыр.

Ринат Сағынаев, Астана қаласының көлік және жол-көлік инфроқұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

Бұрын тұрғындар жұмысқа келіп көлігін күні бойы есік алдына қоятын. Күндіз тұрақтарда бос орын болмайтын. Ақылы тұрақтар енгізілгелі бір көліктің аялдауы орта есеппен 40 минут. Тұрғындар ұзақ аялдамауға тырысады. Негізгі мақсат халықты қоғамдық көлікпен жүруге ынталандыру.

Ақпаратты біз тексеріп көрдік. Бизнес орталықтар мен көлік көп жиналатын тұрақтан бос орын іздедік.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Бұл Нұржол бульвары бойындағы ақылы тұрақтар. Жұмыс күндері таңғы сағат 8 ден кешкі 20:00 дейін ақылы, сағаты 100 теңге. Тура осындай астана қаласы бойынша 7500 орын бар екен. Олардың бәрі таңнан кешке дейін толып тұрды деп есептесек Астана қаласының жүргізушілері күніне 110 млн теңге тұрақ үшін төлейді екен.

Бұл бульвардың бойында барлығы 382 ақылы орын бар екен. Мен бір бетімен толық жүріп өттім. Бірақ бір де бір бос орын таппадым. Яғни тұрақтың ақылы болуы себебінен көлігін үйге тастап кеткен жүргізушілер өте аз сияқты. Халық та ақылы тұрақтың игілігін көре алмай отырмыз дейді. Әуелде тұраққа төленетін теңгенің 5 пайызы ғана бюджетке, 95 пайызы жобаны жүзеге асырған кәсіпкердің қалтасына кететін. Қазір мемлекеттің үлесі сәл артқан.

Ринат Сағынаев, Астана қаласының көлік және жол-көлік инфроқұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:

Түскен ақшаны мемлекет пен жеке кәсіпкердің арасында бөлу мәселесі тағы қаралады. Әзірге 75 пайызы кәсіпкердікі, 25 пайызы мемлекетке түсіп жатыр.

Тұрақ саны артқанымен құнына қатысты әзірге өзгеріс болмайды. Ал түпкі мақсаты қаладағы автомобилдь ағынын азайтты деуге әлі ерте сияқты.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу