Осы жексенбі Түркияда Президенттік және Парламенттік сайлау өтеді. Қазір Анадолы елінде сайлауалды науқан қызып тұр. Президенттікке үміткерлер мен партиялар саяси додада жеңіп шығу үшін барын салуда. Бауырлас елдегі бұл науқан қалай жүріп жатыр, халық саяси оқиғаға қалай дайындалуда? Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.
Айдос Әшімұлы Тілші:
Түркия халқы саяси өте белсенді. Тұрғындар кандидаттардың артықшылықтары мен кемшіліктерін жіпке тізгендей біледі. Саяси оппоненттер бір бірінен асып түсу үшін барын салады. Әсіресе бірінші рет дауыс беретін жастардың сеніміне кіру кандидаттар үшін өте маңызды. Себебі осы сайлауда 18 млн адам бірінші рет дауыс беретін жастар.
Солардың бірі университет студенті, 18 жастағы Сефа. Бірінші рет сайлауға қатысқанымен кімге және не үшін дауыс беретінін жақсы біледі. Себебі Түркияда жастар елдің саяси өміріне ерте араласады.
Сефа Жебе, Ыстамбұл қаласының тұрғыны:
Бұл менің бірінші сайлауым. Сондықтан міндетті түрде қатысып дауысымды беремін. Себебі бір дауыс болса да елімнің болашағын өзгертетініне сенімдімін.
Кеше ғана Президенттікке үміткерлердің бірі саяси додаға қатыспайтынын жариялады. Осылайша бұл сайлауда Президенттікке 3 кандидат, ал Парламентке өту үшін 27 партия бәсекеге түседі. Биылғы саяси науқанда 65 млнға жуық адам дауыс береді.
Алпер Тунга, саясаттанушы:
Бізде халықтың саяси белсенділігі жоғары. Мәселен 2018 жылы дауыс беру құқығы бар тұрғындардың 88 пайызы сайлауға қатысты. Биылғы көрсеткіш одан да жоғары болатын сияқты. Себебі Түркия үшін бұл сайлаудың маңызы өте зор.
Түркияның заңнамасына сәйкес, сайлау күні барлық ойын сауық орындары мен спирттік ішімдік сататын жерлер жабық тұрады. Сондай-ақ, кешкі сағат тоғызға дейін көпшілік жиналатын үйлену тойы, туған күн сияқты шаралар өткізуге де тыйым салынған. Тағы бір ерекшелігі Түркияда сайлау алдында «тыныштық күні» деген түсінік жоқ. Кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын ертең кешкі сағат алтыға дейін жүргізеді.
Айдос Әшімұлы