Визасыз тәртіп екі ел арасындағы сауда-саттықтың артуына ықпал етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Визасыз тәртіп екі ел арасындағы сауда-саттықтың артуына ықпал етеді

12.05.2023

Ынтымақтастықтың жаңа серпіні. Қазақстан мен Қытай арасында визасыз тәртіп мемлекеттер арасындағы сауда-саттықтың артуына ықпал етеді. Отандық бизнеске, оның ішінде өндіріс ошақтарына үлкен қолдау болады. Қытайға визасыз тәртіп енгізуді еліміз осыдан 5 жыл бұрын бастаған болатын. Қазақстан-Қытай шекарасы - достық пен өзара тиімді ынтымақтастықтың өзегі. Бұл бағыттағы кешенді іс-шаралар еліміздің ұлттық мүддесі мен халықаралық құқық қағидаларын сақтай отырып реттелген. Қытай - ірі сауда серіктесіміз. Орасан зор нарығы бар әлемнің екінші экономикасы. Осындай алпауыт тату көршімен алыс-беріс, қарым-қатынастың еркін болғаны абзал дейді сарапшылар.

Әділ Кәукенов, саясаттанушы:

2017-жылы қытайлық транзит жолаушыларға визалық тәртіп 1 тәулікке алынып тасталды. Тәжірибе оң нәтижесін көрсеткеннен кейін, 2018-жылы 3 тәулікке, 2022-жылы 14 күнге ұзартылды. Қазір визасыз тәртіпке қатысты ақпаратты көбі дұрыс түсінбей жатыр. Енді Қытай еліміздің бастамаларына жауап ретінде Қазақстан азаматтарына 30 күн визасыз тәртіп енгізуі мүмкін. Сондықтан, бұдан үрейленуге ешқандай негіз жоқ.

Визасыз тәртіп бизнестің көкжиегін, өндірістің өрісін кеңейтеді. Қытайлық кәсіпкерлер отандық өнімдерді тасымалдауға қызығушылық танытады. Экспорт көлемі артады. Кәсіпкерлер қазір қазақстандық өндірістің жүктемесі 30 пайыздан аспайды деп отыр. Еркін алыс-беріс орнаса, бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болады. Тауардың өзіндік құны арзандап, бизнестің бәсекеге қабілеттігі артады.

Гүлмира Юсупова, ҚР Экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы:

Тауардың өзіндік құны арзандаса, ішкі нарықта да баға төмендейді деген сөз. Оның үстіне қытайлық тұтынушылар тарапынан азық-түлікке сұраныс артады. Бұл ең алдымен экономиканың дамуына ықпал етеді. Жалпы, экспорт – шетелдік валютаның Қазақстанға келуі. Қазір қытайлықтардың ет, сүт өнімдеріне, кондитерлік тауарларға, шәйға, кептірілген жеміс-жидектерге, балға сұраныстары артып келеді.

Ынтымақтастық бизнестен бөлек, экономиканың кез келген саласын дамытуға негіз болады. Сонымен қатар өңірлік әл-ауқат пен қауіпсіздіктің кепілі де. Сарапшылар екі ел арасындағы еркін қатынас іс жүзінде халыққа пайда әкелуді көздейді деп отыр. Яғни қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға тағы бір мүмкіндік деген сөз.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу