Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» форумы өтті

15.05.2023

Ғаламтор кеңістігін реттеу үшін нақты заңнамалық тетіктер қажет. «Ұрпақтар сабақтастығы» республикалық ата-аналар форумында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева осылай деді. Халықаралық отбасы күніне орайластырылған іс-шарада бала тәрбиесі, жасөсіпірімдер арасындағы суицид, кибербуллинг сынды көптеген мәселе кеңінен талқыланды. Отбасы – құрмет пен ынтымақтың ошағы. Жиынды ашқан Президент әкімшілігі басшысының орынбасары осылай деді. Сан алуан өзгеріске ұшырап жатқан қоғамда отбасы құндылықтарын сақтап қалу аса маңызды. Бұл ретте ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беру керек деген Аида Балаева форум қатысушыларына Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:

Отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақтың жан-жақты жағдай жасау – мемелкет пен қоғамның міндеті. Ана мен баланы қорғау – біздің саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Жасампаздыққа толы игі істеріңіз табысты болсын!

Қазір қоғамды алаңдатқан мәселе көп. Өткен жылы 300-ден астам жасөсіпірм суицид жасамақ болған. Жастар арасында құмар ойындар мен синтетикалық есірткіге тәуелділік артып келеді. Бұл ретте ата-аналар тарапынан кеткен олқылықтар да жоқ емес дейді қатысушылар. Дегенмен, проблема ортақ. Сондықтан онымен бірлесе күресу қажет.

Мақсұтбек Айтмағанбет, республикалық «Әкелер одағы» ҚБ төрағасы:

Бізде мынандай түсінік бар. Баланы мектепке бергеннен кейін, бала мұғалімдікі, не істесе де соны істейді деген. Аутсорс деген нәрсе бар. Ол олай емес. Баланы ата-ана, мектеп, қоғам, мемлект бәріміз бірге тәрбиелеуіміз керек. Білім беруіміз керек.

Ұлт өмірінің іргетасы – отбасы. Көне дәуірлерден бастау алатын ұлттық дәстүр-салтымыздан қол үзіп қалмауымыз керек. Себебі, жаңғыру да, жаңару да рухани құндылықтармен сабақтас. Сондықтан мұндай басқосулардың маңызы зор.

Әлима Әбдіхалықова, Қызылорда облыстық аналар академиясының төрағасы:

Қазақтың ұлттық тәрбиесі мен мәдениетіне ұштастыра отырып, біз ана мен бала арасындағы мейірімділік сезімді жандандыруға, күшейтуге, балалардың рухани иммунитетін сақтап қана қоймай, әрі қарай дамытуға пайдасы бар деп ойлаймын.

Проблема бар. Шешу жолдары да жоқ емес. Мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, оны жедел жүзеге асыру көзделген. Мәселен, елдегі 8-9 жастағы балалардың 19 пайызы артық салмақтан зардап шегіп отыр. Бұл ретте өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын қалыптастыруға үйрету мен уақытылы медициналық көмекпен қамтуға басымдық берілген. Қазір 6 мың медициналық пункте 7 мыңнан астам мектеп медбикесі жұмыс істейді.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу