Қостанай облысында дән себу жұмыстары басталды. Биылғы егістік алқабының көлемі 5 млн гектарға жуық. Соңғы жылдары тек бидай емес, басқа да дақыл түрлерінің үлесі көбейді.
Мысалы Арқалық қаласының аумағындағы егістік алқабы 300 мың гектардан астам болса, соның 31 гектарына майлы дақыл өсіріледі. «Бидай бағасының құлдырауы осындай қадамға баруға итермеледі», - дейді шаруалар. Шөлейт аймақта мол өнім жинау үшін техника паркін жаңартып, тұрақты түрде тыңайтқыш қолдану қажет. Мұның бәріне қаржы қажет. Ал диқандар баға түсіп кеткендіктен қамбадағы астықты да сата алмай отыр.
Қайролла Әкімханов, шаруа:
Бізде астықтың өзіндік құны жоғары. Себебі климаттық ерекшеліктерге байланысты шығынымыз көп. Ал Ресейде климат қолайлы, сондықтан шығыны аз, бидайы арзан. Соны пайдаланып астықты көрші елден заңсыз тасымалдаушылардың кесірінен тығырыққа тіреліп отырмыз.
Әйтсе де мемлекет шаруаларды қолдаусыз қалдырған жоқ. Облысқа литрі 223 теңгеден 73 мың тонна арзандатылған жанармай жеткізілді. Форвардтық бағдарлама бойынша 7,2 млдр теңге, азық-түлік корпорациясы арқылы 6,1 млдр теңге бөлінді. Басқа да қаржы институттары арқылы көктемгі науқанға тағы 30 млдр теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілген.
Руслан Құлетов, Арқалық қаласының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Жиырма екінші жылы біз 646 миллион несие алсақ, биыл несиеміз 946 миллионға өсіп отыр. Себебі өзіміз айттық қой, өзіміз уақытында, дер кезінде сата алмауымызға байланысты шарауа қожалықтары негізінен күн көріп отыр.
Дәуренбек Әбдібек