Баспаналы боламыз деген үмітіміз сөніп барады. Алматылықтар ипотекалық бағдарламалардың қолжетімсіз екеніне алаңдаулы. Ең тиімді саналатын «Отбасы банкі» 50 де 50 бағдарламасы аясында ипотека рәсімдеу шарттарын өзгертті. Енді бірден жарна құйып, үй ала алмайсыз. Мұндай өзгерістің қажеті жоқ дейді тұрғындар. Ал қаржы институты бұл салымшыларды жинақтау тәсіліне үйрететін тиімді әдіс дейді.
Жазира Оразқызы, тілші:
Жаңа өзгерістерді естіген тұрғындарда күмән мен күдік басым. Себебі, пәтерден пәтерге көшіп жүрген адам көп. Әсіресе, мегаполисте бұл мәселе өзекті. Бүгінде Алматының өзінде тұрғын үйге кезегінде 38 мыңнан астам адам тұр.
«Отбасы банк» мамандарының сөзінше, ипотекалық несиенің бұл түріне сұраныс жоғары. Осы уақытқа дейін салымшылар депозиттеріне алдын ала қаражат жинамай-ақ, тұрғын үй құнының 50 пайызын салып, бірден баспаналы болатын. Енді банк жинақтау тәсілін өзгертті. Үй құнының тең жартысын жинаған күннің өзінде кемі 3 ай күту керек.
Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры:
Белгілі бір клиенттер ақшасын жинап жатса, сол жинақтаған ақша бойынша біз басқа клиентке несие береміз. Балансты ұстап тұру үшін осындай өзгеріс енгізу қажет болды. Егер де қазір 50 пайызын салып, 3 айдан кейін несие алатын болса, 3 ай ерте тұрғын үй қарызына өтеді төмендетілген пайызға 4-5 пайызға, ең кем дегенде 3,5 пайызға дейін тезірек өту мүмкіндігін береді.
Яғни баспанаға қол жеткізем дейтіндер енді қаражатты депозитте жинақтау қажет. Банк бірінші кезекте бағалау көрсеткішін назарға алады. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, несие бойынша мөлшерлеме соғұрлым төмендейді. 2022 жылы бір ғана «Отбасы банкінен» барлығы 80 мыңға жуық адам несие рәсімдеген, оның 68 пайызы осы аралық заем, яғни, 54 мың салымшы бағдарлама арқылы баспаналы болды. Бұл несие түрін, әсіресе, Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе қалаларының тұрғындары жиі қолданады.
Мақсат Халық, экономист:
Зиянды жағы үш ай күту керексіз деген. Өйткені, үш айдың өзінде жәй өзге депозитте сақтасаңыз белгілі бір пайыздар, инвестициялық кірістер алатын едіңіз. 7-20-25 ұқсайтындай да,тіпті, соған жақын келетіндей де бағдарлама қазір жасала алмайды Үкімет, шынын айтқанда. Қарапайым халыққа арнайы бөлек бағдарлама болған дұрыс менің түсінігімде.
Елімізде тұрғын үйге деген сұраныс күн сайын артып барады. Баспанаға қол жеткізудің бір амалы - ипотекалық бағдарламалар. Мәселен, экономикалық мониторингті зерттеу ұйымының мәліметінше, жыл басында тұрғын үй салуға және сатып алуға берілген несиелер 5 трлн теңгеге жуықтаған. Бұл соңғы бір жылмен салыстырғанда, 39 %-ға көп. Десе де, тұрғындар мемлекет тарапынан тиімді ипотекалық бағдарламаларды көбейтіп, қолжетімді баспана құрылысы қолға алынса дейді.
Жазира Оразқызы