Көкшетау қаласында апатты үйдің тұрғындары үрей құшағында отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау қаласында апатты үйдің тұрғындары үрей құшағында отыр

18.05.2023

Көкшетау қаласында осыдан жарты ғасыр бұрын салынған бесқабатты үйдің тұрғындары дабыл қағып жатыр. Өйткені темір бағандардың күшімен әрең тұрған ғимарат апатты деп танылған. Жергілікті билік оларға 2 жыл бұрын жаңа пәтер береміз деп уәде берген. Алайда тек 60 отбасыны қоныстандырыпты. Қалған жұрт үйіндінің астында қаламыз ба деп, жандарын шүберекке түйіп отырғандарын айтады. Онымен қоймай, бүгінде құлауға шақ тұрған үйге қоныстанып жатқандар да бар көрінеді.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Темір бағандардың күшімен тұрған бес қабатты тұрғын үй күннен күнге артқа қарай қисайып, шөгіп барады. Іргетасы да отырып, қабырғалары жарылып кеткен. Тұрғын үй осыдан бірнеше жыл бұрын апатты деп танылған. Дегенмен мұнда тұратын тұрғындар саны азаяр емес. Біреуі кетсе екіншісі келіп жатыр.

3 жыл бұрын ресми түрде апатты деп танылған үйді арнайы комиссия тексеріп, мұнда тұруға болмайды деп кеткен. Алайда ең сорақысы көшіп кеткен тұрғындар бүгінде қауіпті баспаналарын жалға беріп, қалтасын қалыңдатып отырған көрінеді. Онымен қоймай, қаладағы коммуналдық мекеме бұл пәтерлерге өз қызметкерлерін қоныстандырыпты.

Николай Адерихин, қала тұрғыны:

Бұл баспананың кілтін ақпан айында ұлым жұмысынан алды. Ол «Көкшетау Су Арнасы» мекемесінде жұмыс істейді. Әлі осында 10 жыл тұрасындар деп уәде берген. Біз 4 бөлмелі пәтерді өз күшімізбен жөндеп жатырмыз.

Бүгінде апатты үйде 30 меншік иесі қалған. Әкімдік оларға жаңа пәтерлердің кілтін биыл аласындар деп уәде берген. Алайда тұрғындар «бізге берілуі тиіс үйдің құрылысы баяу жүріп жатыр», - дейді.

Валерий Валеев, қала тұрғыны:

Мұнда тұрудың өзі қорқынышты. Үй артқа қарай қисайып барады. Шөгіп кеткен. Бір күні үйінділердің астында қалсақ, кім жауап береді? Бізге берілуі керек болған үйлерді күнде барып, қарап жүреміз. Құрылысы кей кездері тоқтап қалады. Ол уақытылы беріле ме? Берілмей ме? Белгісіз.

Жергілікті билік апатты үйде тұрып жатқан меншік иелеріне жаңа баспана уақытылы беріледі деп сендіріп отыр. Ал қаңырап бос қалған пәтерлердің кілттері тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына өткізілген көрінеді.

Жанна Әбдірахманова, қала әкімінің кеңесшісі:

Апатты үйден 60 отбасы қыс мезгілінде көшірілді. Сондықтан да біз қаңырап бос қалған пәтерлердің кілтін коммуналдық мекемелерге бердік. Ондағы қызметкерлер келіп, үйдің техникалық жағдайын әрдайым бақылап отыр. Өйткені иесіз қалған баспаналардың құбыры жарылып кетуі мүмкін. Бұл соның алдын алу үшін жасалған шара.

Қазір Көкшетау қаласында апатты үйлер санаты бойынша 21 адам кезекте тұр. Әкімдік мұндағы тұрғындарды жаңа баспаналарға көшіру жұмысы кезең-кезеңмен жүзеге асады деп отыр.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу