Қытайда Қазақстаның логистика орталығының құрылысы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда Қазақстаның логистика орталығының құрылысы басталды

18.05.2023

Қытайда Қазақстаның логистика орталығының құрылысы басталды. Мемлекет басшысы іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Сианьда қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі өтіп, бірқатар келісім жасалды. Келіссөздер нәтижесінде қандай жобалар қолға алынып, қандай зауыттар салынады?

Сиань - Қытайдың ең ірі көлік-логистикалық хабы. Бұл жердегі жүктің 40% Қазақстан арқылы тасымалданады. Енді сан еселенуі мүмкін. Сиань портында Қазақстан терминалы ашылмақ. Аумағы 8 гектар. Бүгін іргетасы қаланды.

Тауарларға арналған 10 мың шаршы метрлік қойма да салынады. Яғни қазақстандық өнімнің Қытай нарығындағы үлесі артады. Келесі жылдан бастап құрғақ порт арқылы электроникадан бастап автомобильдер, киім-кешек, азық-түлік, химиялық өнімдерге дейін тасымалданады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл хаб Шэньси аймағын Қазақстанмен, Орталық Азиямен байланыстырады. Әрі қарай Еуропаға, Түркияға және Иранға жол ашады. Жобаның толық іске қосылуы екі елдің ынтымақтастығына тың серпін береді деп сенемін.

Әлемдегі аса ірі электронды сауда алаңы осы. Қазақстанның да ұлттық павильоны болады. Президент ашылуына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл қадам екі елдің алыс-берісін жандандырмақ. Электронды коммерция саласындағы әріптестікті одан әрі дамытамыз. Сонда екіжақты сауда айналымын жақын арада 40 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік туады.

Яғни, қазақстандық тауарларды қытай онлайн тапсырыспен ала алады. Платформаның бір млрд тұтынушысы бар.

Нұралы Бөкейханов, QAZTRADE АҚ бас директоры:

Бұл біріншіден, тамақ өнімдері. Қытайдың азаматтарының саны үлкен. Олардың әлеуметтік жағдайы жылдан жылға өсуде. Сондықтан олардың сұранысы мына ет тағамдарына, сүт тағамдарына, одан бөлек мына ұн тағамдарына өсіп жатыр.

Ал инвестициялық жиынға Қытайдың ең ірі компания басшылары қатысты. Олардың өнімін әлем таниды. Мемлекет басшысы бизнесмендерді Қазақстанда жұмыс істеуге шақырды. Көбі қаржы құюға дайын. Мәселен, бұл кәсіпкер пластмасс шығаратын зауыт салмақ.

 Канг Хепинг, кәсіпкер:

Көкшетау цемент зауытын мен салдым. Анау Павлодар химия зауытын мен салдым. Осындай зауыттың бәрін санасаң 40 зауыт бар.  

Қазақстан мен Қытай арасында үшінші теміржол өткелі салынады. Жоба 3 жылдан кейін іске қосылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады.

Көлік-логистика саласында Президент тағы бір жолды ұсынды - транскаспий бағыты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бағыттың болашағы зор. Өйткені, Қытайдан Еуропаға апаратын төте жол – осы. Оның ұзындығы «Солтүстік дәлізден» 2,5 мың шақырымға қысқа.

Қазақстан Қытайға экспорттайтын майлы дақылдардың көлемін ұлғайтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мүмкіндігі зор тағы бір сала қант өндірісі. Біз өз елімізді осы өніммен толық қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл салада Қытайдың мол тәжірибесі бар. Сіздерді қант өндірісін дамытуға белсенді араласуға шақырамыз.

Ал қытайлық компания Қазақстанда тамшылатып суару технологиясын шығаратын зауыт салады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

Ең ірі Форбсқа кіретін Қытайдың инвесторы Қазақстанға қызығады. Мал шаруашылығымен айналысуға инвестиция салуға. Екінші компания сретификациямен айналысады.

Бұдан бөлек, жиында бірқатар келісім жасалды. Қытайлар бізге екінші және үшінші су электр стансасын салып береміз деп отыр. Тараптар 1 гигаватт қуат өндіретін жел электр стансасына қатысты да келісім бекіді. Бұл бастамалар Қазақстандағы жасыл энергетиканы дамытуға тың серпін береді деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекет бұл салаға инвестиция салуға жан жақты қолдау көрсетеді. Мысалы біз электр қуатын 20 жылға дейін аукционды сатып алуға кепілдік береміз. Бұл тариф жыл сайын инфляцияны және валюта бағамының өзгерісін ескере отырып белгіленеді. Қытайлық әріптестерімізді осы саланың инвестициялық мүмкіндігін қарап көруге шақырамыз.

Сонымен қатар, мыс қорыту зауыты салынады. Кәсіпорын іске қосылса шикізат экспорты азаяды. Осыны ескере отырып, Президент мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз деді.

 Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

Болат өндіру негізінде әрқашанда болған. Бірақ бізде технология бірінші рет қолға алынып жатыр. Басты мәселесі осы уақытқа дейін экспортқа шығарып отырғанбыз. Соны экспортқа шығармай, өзімізде өңделеді. Алдағы 3 жылда Қостанайда ашу жоспарланған.

Сонымен қатар, Қазақстандағы қытай автокөліктерін құрастыру көлемі артады. Саладағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру үшін тараптар келісім жасасты. Президент туризм саласын түлету жолдарына да тоқталды. Металл экспортын ретке келтіру жобасын ұсынып, қытай кәсіпкерлерін өңдеу өнеркәсібі саласындағы жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

 Асима Нұрбайқызы, тілші:

Осылайша, қазақ-қытай қатынасы жаңа деңгейде қарқын алмақ. 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды. Демек, алдағы уақытта Қазақстан экономикасына қомақты қаржы құйылады. Көптеген зауыттар салынады, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мемлекеттік сапардың мақсаты да осы-тын.


Хабарламаларға жазылу