Президент Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашты

19.05.2023

«Орталық Азия- Қытай» саммитінен кейін Мемлекет басшысы Сиань қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашты.

Шараға Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі Цинь Ган қатысып, Қытай үкіметінің құттықтауын жеткізді. Әрі Бас консулдық екі елдің жан-жақты стратегиялық ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілгенін білдіретінін айтты. Консулдық ғимаратында дипломаттармен қатар ұлттық компаниялардың өкілдіктері де орналасады. Олар Қазақстанның экономикалық мүддесін ілгерілету бағытында жұмыс істейді. Айта кетейік, Қазақстан Қытайдың Шэньси провинциясында өзінің дипломатиялық өкілдігін ашып отырған Орталық Азиядағы жалғыз ел. Мемлекет басшысы Бас консулдықты қысқа мерзім ішінде ашуға қолдау көрсеткен Қытай тарапына ризашылық білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде бұл сапар қазақ-қытай ықпалдастығының «30 жылдық алтын дәуірін» бастады деуге болады. Әрине, бұл сапардың мән-мағынасы ерекше. Бүгін – Қазақстан мен Қытай ынтымақтастығы үшін тағы да бір аса маңызды әрі тарихи күн. Бүгінде Сиань – «Бір белдеу – бір жол» экономикалық белдеуінің маңызды бекеті.

Шэньси өлкесі және Сиань қаласы Қазақстанмен тығыз байланыс орнатқан. Солтүстік Қазақстан облысымен және Шымкент қаласымен бауырластық қатынас туралы келісімге қол қойылды. Бұл шаралар екі ел арасындағы барыс-келісті жандандыра түсері сөзсіз. Бас консулдық осы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға үлес қосады деп сенемін.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу